
Референдумды қолдау жөніндегі аудандық коалиция мүшесі Айгүл Аманжолова «Макиснкий завод теплоизоляций» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланды.
Жиын барысында спикер жаңа Конституция жобасының басты ережелері туралы айтып, 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
Өндіріс орнының ұжымымен өткен әңгіме кезінде Конституциядағы басты өзгерістердің бірі – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қауіпсіздігі негізгі құндылық ретінде айқындалғаны атап өтілді. Әсіресе өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалардың маңызы зор. Негізгі заңда әр азаматтың еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайы және кемсітусіз әділ еңбекақы алу қағидаттары бекітілген. Бұл нормалар өндірістік жарақаттардың алдын алып, жұмысшылардың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Осылайша, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайына мемлекет пен жұмыс берушінің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі. Заң үстемдігі қағидаты сақталған елде тұрақтылық пен сенімділік артады. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың дамуына және еңбеккерлердің отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Айгүл Аманжолова алдағы референдум әрбір қазақстандыққа ел болашағын айқындайтын маңызды тарихи оқиғаға қатысу мүмкіндігін беретінін атап өтті. Ол жерлестерін белсенді азаматтық ұстаным танытып, 15 наурыз күні референдум учаскелеріне келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауға шақырды.

Айта кету керек, «Макинск жылуоқшаулағыш зауыты» ЖШС Буланды ауданының экономикалық картасында жылуоқшаулағыш материалдар өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі ретінде ерекше орын алады. Кәсіпорын 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді және базальт жыныстары негізінде жоғары сапалы жылуоқшаулағыш материалдар шығарады.
Бұл – Қазақстандағы соңғы үлгідегі заманауи итальяндық жабдықтармен жұмыс істейтін жалғыз зауыт. Өндіріс үдерістері толықтай автоматтандырылған, бұл кәсіпорынға жоғары сапалы өнімді жедел шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Кез келген күрделі ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Сондықтан зауыт өнімдері Қазақстан бойынша ғана емес, шетел нарығында да кеңінен қолданылады.
Кездесу соңында алдағы референдум елдің саяси және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам екені тілге тиек етілді. Жаңа Конституция қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді. Сондықтан референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі.
Өзіміздің ақпарат.
