
«Бота-2015» ЖШС Макинск филиалының еңбек ұжымы алдағы конституциялық өзгерістер мен республикалық референдумды қолдайтынын білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын ұжымы Ата заңды жаңарту уақыт талабына және қоғамның сұранысына толық сай келеді деп есептейді.
Филиал қызметкерлерінің айтуынша, конституциялық реформалар әділдік, заңдылық және мемлекеттік институттардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Олардың пікірінше, саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту бизнестің тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына қосымша мүмкіндік береді.
Ұжым атынан аудан тұрғындарына «Бота-2015» ЖШС Макинск филиалының директоры Василий Боревич үндеу жасады.
«Нақты сектор өкілдері ретінде біз тұрақтылыққа, ашық әрі түсінікті ережелерге және ертеңгі күнге деген сенімділікке мүдделіміз. Конституциялық өзгерістер – елдің одан әрі дамуына, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтардың шешім қабылдаудағы рөлін арттыруға жасалған қадам. Біз бұл бағытты қолдаймыз және баршаңызды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз», – деп атап өтті Василий Боревич.
Кәсіпорын ұжымы әрбір азаматтың референдумға қатысуы – ел болашағына қосылған үлес екеніне сенімді. Үндеуде қоғамның бірлігі, жауапкершілігі мен ынтымағы Қазақстанның одан әрі тұрақты дамуы мен өркендеуінің кепілі екені атап көрсетілді.
