«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияның мүшелері — Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мусралимова және Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Көкшетау қаласындағы № 4 арнайы мектеп-интернатының директоры Алтын Мустафинова Бұланды ауданына жұмыс сапарамен келіп, аудан тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады.

Сапар барысында коалиция мүшелері аудан активімен, еңбек ұжымдарының өкілдерімен және жұртшылықпен кездесті. Ашық диалог алаңдарының бірі – Макинск жылуоқшаулағыштар зауыты болды. Кездесу барысында депутат зауыт қызметкерлерімен Конституцияның жаңа жобасының негізгі ережелерін талқылап, олардың сауалдарына жауап берді.

Өзара сұхбат барысында Айна Ермекқызы және Алтын Сексенбайқызы жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізін қалыптастыратынын атап өтіп, оның заң үстемдігін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асырып, ел дамуына үлес қосуға жағдай жасауға бағытталғанына тоқталды.

Сонымен қатар, Ата Заңымыздың жаңа редакциясында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының мәдени коды бар екенін атап көрсетті.

Аудан қонақтарының жұмыс сапарыТОО «ХПП Арна» өндірістік мекемесінде өз жалғасын тапты. Бұланды ауданында астық қабылдайтын ең ірі мекемелерің қатарында тұрған аталмыш кәсіпорынның ұжымымен кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы референдумдағы азаматтардың рөлі және ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің ел болашағы үшін маңызы сөз болды.

Қараөзек жалпы білім беретін мектебі педагогикалық ұжымымен кездесу ашық та жағымды тұрғыда өз мәресіне жетті. Мұғалімдер талқылауға белсенді қатысып, Негізгі заң жобасы бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Спикерлердің айтуынша, жаңартылған Конституцияны қабылдау демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге және билік органдарының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға маңызды қадам болмақ.

Кездесулердің қорытындысында Жалпыұлттық коалиция мүшелері бұландылықтарды наурыз айында өтетін референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстаным танытуға және ел болашағын қалыптастыруға өз үлестерін қосуға шақырды.

Жұмыс сапары ашық әрі еркін форматта өтіп, аудан тұрғындарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Конституция жобасының негізгі бағыттары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын алуға мүмкіндік берді.

Жаңа Конституцияны референдум арқылы қабылдау – ел бірлігін нығайтатын, қоғам сенімін арттыратын және демократиялық құндылықтарды тереңдететін қадам. Ең бастысы – әр азамат ұсынылған өзгерістерді мұқият зерделеп, саналы түрде таңдау жасауы. Себебі Конституция – бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақтың да тағдырын айқындайтын құжат.

А. АМАНЖОЛОВА.