Аудандық Конституцияны қолдау коалициясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Бекайдар Жампеисов Новобрат ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында конституциялық өзгерістердің маңызы және олардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға әсері туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. Мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған реформалардың негізгі қағидалары жан-жақты түсіндірілді.

Егінші еңбегі алтынға бағаланатын, қарапайым халықтың мұқтажы басты назарда тұратын Бұланды ауданының жүрегінде, өз қызметін адал атқарып келе жатқан Жампеисов Бегайдар Төребайұлы – аудандық мәслихаттың №11 сайлау округінің депутаты әрі «Партизанское-1» ЖШС-нің директоры. Оның өмір жолы – жауапкершілігі жоғары басшылықтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адал еңбектің жарқын үлгісі.

2015 жылдан бастап «Партизанское-1» ЖШС-ін басқарып келеді. Оның басқаруындағы шаруашылық тиімділіктің үлгісіне айналды. 2025 жылы серіктестік гектарынан 18 центнерден астық жинап, аудан мақтанышына айналды.

Ол әлеуметтік осал топтарға, ардагерлер мен зейнеткерлерге үнемі демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетіп, өзінің жанашырлығын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Оның тікелей қолдауымен округте жергілікті маңызы бар өзекті мәселелер шешімін табуда: фельдшерлік-акушерлік пунктке жөндеу жүргізілді, ауылішілік жолдар тазартылды, су құбыры желілері жөнделді, сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезінде тұрақты көмек көрсетілуде.

Бегайдар Төребайұлы өткізген ашық диалог алаңында мемлекеттік қызметшілер талқылауға белсенді қатысып, пікір алмасты және өзекті сұрақтарына жауап алды.

А. АМАНЖОЛОВА.