Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық кеңесін құруды ұсынған болатын. 71 бапта көрсетілгендей Халық кеңесінің өкілеттігі: Мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, Қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттары мен ұлттық құндылықтарды насихаттау, заң жобаларын Құрылтайға ұсыну және Республикалық референдум өткізуге бастамашылық жасау.

Конституциялық мәртебеге ие Халық кеңесінің құрамы 126 мүшеден тұрады. Этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы қоғамдық ұйымдардан және өңірлерден әрқайсысынан 42 өкілден құрамына кіретін болады. 

Жалпы Халық кеңесі институтына ерекше мән берілу бұл қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың пікірін басқару үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған.

Халық кеңесі — азаматтардың мүддесін білдіретін, маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді талқылайтын консультативтік-кеңесші орган. Оның басты мақсаты — мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында халық үнін есту және түрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстарын ескеру.

Жаңа конституциялық модельде Халық кеңесі қоғамдық диалог алаңы ретінде қарастырылады. Ол:елдегі өзекті мәселелерді талқылауға, реформаларға ұсыныстар енгізуге, ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға ықпал етеді.

Халық кеңесінің құрылуы демократиялық қағидаттарды тереңдетуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл орган билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға және шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мен, Жайнарбек Зандыбайұлы,  аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Қоғамдық кеңес – билік пен халық арасындағы алтын көпір десек болады. Ауданда атқарылар ауқымды істер, жоспарлар бәрі қоғамдық кеңестің бақылауынан өтеді. Мәселен, былтырғы жылы Қоғамдық кеңес ауданымызда қарқынды жұмыс атқарып келді. Оның құрамына әртүрлі саланың өкілдері енген. Олар – жасы, ұлты мен кәсібі жағынан әр алуан, қоғамда өзіндік орны бар азаматтар. Қоғамдық кеңеске мемлекеттік қызмет саласының ардагері, аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Амангелді Бәйкенұлы Камельинов төрағалық етеді.

Кеңестің бастамасымен Макинск қаласындағы жолдарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ орталық жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау шараларының уақытылы әрі сапалы атқарылуына байланысты бақылау жүргізілді. Сонымен қатар кеңес мүшелері көшпелі отырыстар ұйымдастырып, көтерілген өзекті мәселелерді жергілікті атқарушы билік өкілдерінің назарына ұсынып келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланып, тұрғындармен кері байланыс орнатылуда. Бұл кеңес жұмысының ашықтығын әрі нәтижеге бағытталғанын айқындайды.

Ал, осы орайда басында айтқандай, Халық Кеңесінің аясы тіптен ерен. Халық кеңесі — еліміздің саяси жаңғыруының көрінісі. Ол азаматтардың белсенді қатысуына жол ашып, мемлекет пен халықтың бірлескен дамуына негіз қалайды.

Жайнарбек Зандыбай, Бұланды аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.