Соңғы жылдары табиғаттың тосын сыйы бұландылықтарды айтарлықтай әбігерге салды. Көктем келіп күннің көзі шуақтанып, қалың қардың көбесі сөгілісе аудан халқының алаңы көбейетін. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші биыл бірақ көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық қарқынды жүргізілуде. Жаздай қорғаныс бөгеттері, су өткізу, су бұру арналары салынып, ескілері жаңартылды. Қыс бойы қар шығару, арықтарды қардан тазарту жұмыстары тоқтаусыз жалғасты. Қазіргі уақытта 192 мың текше метр қар шығарылып, 22 шақырым арық қардан тазартылды. Су өткізетін құбырлардың саны 92-ге жетті. Яғни көп көшелерде бұған дейін су өткізу құбырлары болмаған. Ал, қазір жаңа су өткізгіш құбырлары орнатылып, ескі құбырлар қардан, мұздан тазартылды. Ыстық су үрлейтін арнайы техниканың арқасында мұз қатқан су өткізгіш құбырлар, трубалар тазалануда. Қазіргі уақытта 95 адам, 25 техника жұмылдырылып күні-түні қызмет етуде. Жалпы аудандағы ахуал су тасқынына байланысты арнайы құрылған штабтың жіті бақылауында.

Өзендердегі су деңгейлеріне мониторинг сағат сайын жүргізілуде. 17-наурызда ауданымызға қарасты Жолболды, Бөксік, Аршалы, Қоңыр өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұл бақыланылатын жарылыс жұмыстары өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұз жамылғыларын бұзып судың кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Мұз жару жұмыстары атап айтсақ Иванковка, Капитоновка, Журавлевка, Воробевка және Новобратск ауылдарының маңында жүргізілді.

Ж. Зандыбай.