

Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум – халықтың өз болашағын өзі айқындауына берілген маңызды мүмкіндік.
Конституция – мемлекеттің Негізгі Заңы, сондықтан оған өзгеріс енгізу немесе жаңа жобасын қабылдау бүкіл қоғамның қатысуымен жүзеге асуы әділетті әрі демократиялық қадам болып саналады. Бұл – әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігін талап ететін тарихи шешім.
Елдігіміздің басты құқықтың құндылығына айналған Ата заңымыз – елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік дамуының негізі.
Референдумның басты артықшылығы – ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуінде. Халық өз даусын беру арқылы мемлекеттің басқару жүйесіне, адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, билік тармақтарының өкілеттіктеріне қатысты маңызды өзгерістерге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасында Халық кеңесі институтына ерекше мән берілген. Бұл бастама қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың пікірін басқару үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған.
Халық кеңесі — азаматтардың мүддесін білдіретін, маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді талқылайтын консультативтік-кеңесші орган. Оның басты мақсаты — мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында халық үнін есту және түрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстарын ескеру.
Жаңа конституциялық модельде Халық кеңесі қоғамдық диалог алаңы ретінде қарастырылады. Ол:елдегі өзекті мәселелерді талқылауға, реформаларға ұсыныстар енгізуге, ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға ықпал етеді.
Халық кеңесінің құрылуы демократиялық қағидаттарды тереңдетуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл орган билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға және шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Халық кеңесі — еліміздің саяси жаңғыруының көрінісі. Ол азаматтардың белсенді қатысуына жол ашып, мемлекет пен халықтың бірлескен дамуына негіз қалайды.
Құрметті қауым, жаңа Конституцияны референдум арқылы қабылдау – ел бірлігін нығайтатын, қоғам сенімін арттыратын және демократиялық құндылықтарды тереңдететін қадам. Ең бастысы – әр азамат ұсынылған өзгерістерді мұқият зерделеп, саналы түрде таңдау жасауы. Себебі Конституция – бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақтың да тағдырын айқындайтын құжат.
Қадамымыз сәтті, шешіміміз дұрыс, болашағымыз айқын болсын!
Айгүл Аманжолова, Бұланды аудандық аналар кеңесінің төрайымы, қоғамдық пікір көшбасшысы.
