Білімді ұрпақ тәрбиелеу, ғылым мен инновацияны дамыту – кез келген мемлекеттің жарқын болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі. Себебі елдің ертеңі бүгінгі жас буынның біліміне, біліктілігіне, ізденісі мен талпынысына тікелей байланысты. Осы орайда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында білім, ғылым және инновация құндылықтарына айрықша мән берілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам.
Жаңа Ата Заңның 3-бабында білім, прогресс және еңбексүйгіштік құндылықтарын орнықтыру, адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Ал 33-бапта азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуына кепілдік беріліп, жоғары білім алу құқығы бекітілген.
Бұл қағидаттардың түпкі мәні – әрбір жасқа сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуға, қоғамға және мемлекетке пайдасын тигізуге мүмкіндік беру. Бүгінде ауыл мектебінде білім алып, түрлі салада биік белестерді бағындырып жүрген жас өрендеріміз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып келеді.
Бұланды ауданында да білім мен өнерді, спорт пен ғылымды қатар алып жүрген, өз жетістіктерімен аудан абыройын асқақтатып жүрген оқушылар аз емес. Олардың әрқайсысының жетістік жолы – табандылықтың, үздіксіз ізденістің және мақсатқа деген адалдықтың үлгісі.


Никольское ауылының жас спортшысы Алексей Пеньковский – аудан мақтанышына айналған өрендердің бірі. 2011 жылы дүниеге келген Алексей бүгінде Никольское ауылының №2 жалпы білім беретін мектебінің 10-сыныбында оқиды. Шаңғы жарысымен жүйелі түрде айналысып келе жатқан жас спортшы өзінің табандылығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Алексей – шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткері, Қазақстан Республикасының чемпионы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпазы. Бұдан бөлек, облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері атанған. Жас спортшы Қазақстан Республикасының жасөспірімдер құрамасының резервтік құрамына да енгізілген.
Өзінің туған ауданы мен Ақмола облысының намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап жүрген Алексей алдағы уақытта да спорттық шеберлігін шыңдап, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етеді. Оның жетістіктері жас ұрпаққа табандылық пен еңбекқорлықтың қандай нәтижеге жеткізетінін көрсетеді.


Макинск қаласындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Максим Власовтың қызығушылығы нақты ғылымдармен, әсіресе физика пәнімен тығыз байланысты. 2008 жылғы 11 тамызда дүниеге келген Максим мектеп қабырғасында жүріп-ақ ғылыми ізденіске ден қойып, түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен зерттеу жобаларына белсенді қатысып келеді.
2024 жылы физика пәнінен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде бірінші орын иеленіп, облыстық кезеңде грамотамен марапатталды. Сол жылы 8–11-сынып оқушылары арасында өткізілген ғылыми жобалар конкурсында «Тұздылық деңгейі әртүрлі топырақ арқылы электр энергиясын алу» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен облыстық кезеңде бірінші орынға ие болды. Республикалық кезеңде, Ақтөбе қаласында, өзінің жобасының тәжірибелік маңыздылығын көрсетті.
Ізденімпаз оқушы 2025 жылы да ғылыми жұмысын жалғастырып, «Электромагниттік индукция құбылысы негізінде генератор жасау» тақырыбындағы жобасымен облыстық кезеңде екінші орын алды. Физика пәнінен өткізілген іріктеу тестілеуінде үздік нәтиже көрсетіп, Астана қаласында өткен республикалық кезеңге жолдама алды. Онда да өз білімін дәлелдеп, грамотаға ие болды.
Болашақта физик мамандығын меңгеруді мақсат еткен Максимнің ғылыми ізденістері – жас буынның зерттеушілік қабілетін дамытып, ғылымға деген қызығушылығын арттырудың жарқын көрінісі.


Партизанка ауылының тағы бір дарынды оқушысы – Жанқабыл Шақубаев. 2009 жылғы 1 мамырда дүниеге келген ол бүгінде Партизанка ауылының жалпы білім беретін мектебінің 11-сыныбында білім алуда.
Жанқабылдың ерекше қызығушылығы – география ғылымы. Ол пәндік олимпиадаларға жүйелі дайындалып, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз әрі жүлдегер атанды.
Оның жетістіктерінің ішіндегі ең айтулыларының бірі – республикалық ауыл олимпиадасының география пәні бойынша өткен кезеңінде бірінші және екінші орындарды иеленуі. 2025 жылы география пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар оныншы сыныпта оқып жүрген кезінде ғылыми жобалар конкурсында зерттеу жұмысы бойынша облыстық деңгейде екінші орынға ие болды.
Жанқабылдың жетістіктері – білімге деген құштарлықтың, жүйелі дайындық пен табандылықтың нәтижесі. Оның ұстазы әрі анасы Инна Владимировна Шакубаева да Партизанка ауылының жалпы білім беретін мектебінде еңбек етеді. Отбасындағы білім мен ізденіске деген құрмет жас өреннің қалыптасуына оң ықпал етіп отырғаны сөзсіз.


Білім мен ғылыммен қатар, ұлттық мәдениет пен өнерді дамыту да өскелең ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алады. Осы бағытта өз қабілетімен танылып жүрген жас таланттардың бірі – Мұрат Әлім.
2013 жылғы 2 сәуірде Макинск қаласында дүниеге келген Мұрат бүгінде Бұланды ауданының Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы.
Ол мектептің және ауданның шығармашылық, қоғамдық өміріне белсенді араласып, түрлі концерттерде, мерекелік іс-шараларда, облыстық байқауларда өнер көрсетіп келеді. Сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық ізденісі қатарластарының арасынан ерекшеленуіне мүмкіндік беріп отыр.
Жас күйшінің таланты республикалық деңгейде де жоғары бағаланды. 2026 жылғы 17 наурызда Көкшетау қаласында өткен «Сөз бен саз» республикалық байқауында «Жас күйші» номинациясы бойынша екінші орын иеленді.
Бұл – ұлттық өнерге деген құрмет пен дәстүрлі музыканы жас ұрпақ арасында дәріптеудің жарқын үлгісі. Мұраттың жетістігі төл мәдениетіміздің болашағы жас ұрпақтың қолында екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.


Ал төртінші сыныпта оқитын Алдияр Ермек те өзінің жан-жақты қабілетімен көпшіліктің назарын аударып келеді. 2017 жылғы 1 наурызда дүниеге келген ол Макинск қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектептің 4 «Б» сыныбында оқиды.
Алдиярдың өнерге деген қызығушылығы мен вокалдық қабілеті республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары бағаланып жүр. Ол Көкшетау қаласында өткен XVIII республикалық «ИМПУЛЬС» байқауында «Вокал» номинациясы бойынша Гран-при иеленді. 2025 және 2026 жылдары Астана қаласында ұйымдастырылған «DOSSTAR FEST» республикалық вокалдық конкурсында екі жыл қатарынан Гран-при жеңіп алды. Сондай-ақ 2025 жылы Көкшетау қаласында өткен «JAS STAR» I облыстық фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
2026 жылы Астанада өткен «ALASH STAR» республикалық вокалдық байқауында тағы да Гран-при иеленіп, Түркияға жолдама алды. Ал 14 қазанда өткен «ЖАСТАР» республикалық вокалдық байқауындағы өнері Алматы қаласына шақырту алуына негіз болды. Қазіргі таңда жас өнерпаз 14–15 қараша күндері Алматыда өтетін өнер додасына дайындық үстінде.
Бір қызығы, Алдиярдың қабілеті тек ән өнерімен шектелмейді. Ол мектептегі пәндік олимпиадаларға да белсенді қатысады. 2025 жылы «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының мектепішілік кезеңінде бірінші орын, облыстық кезеңінде екінші орын иеленді. Ал 2026 жылы осы олимпиадада Гран-при жеңіп алып, облыстық кезеңге дайындалып жатыр.
Жас өнерпаздың бойындағы өнер мен білімге деген құштарлық, ізденіс пен талпыныс оның болашақта да талай биікті бағындыруына негіз болары сөзсіз.


Аталған оқушылардың жетістіктеріне назар аударсақ, олардың әрқайсысы әртүрлі бағытта дамып, өз қабілетін шыңдап келеді. Бірі спортта ел намысын қорғап жүрсе, екіншісі ғылымға ден қойып, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Тағы бірі география пәнінен білімін тереңдетіп, республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр. Ал өнерлі өрендер ұлттық мәдениетті дәріптеп, вокалдық және орындаушылық шеберліктерімен танылуда.
Олардың барлығын біріктіретін ортақ қасиет – мақсатқа ұмтылу, еңбектену, іздену және өз мүмкіндіктерін дамытуға деген құлшыныс.
Әрине, мұндай жетістіктердің артында оқушылардың жеке талпынысымен қатар, ұстаздардың кәсіби еңбегі, ата-аналардың қолдауы, мектеп ұжымдарының жүйелі жұмысы мен балаларға жасалып отырған жағдайлар тұр. Сондықтан жас дарындарды қолдау, олардың қабілетін ерте анықтап, дамытуға мүмкіндік жасау – білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі.
Жаңа Конституцияда білім мен ғылымның стратегиялық маңызға ие болуы да осы мақсаттармен үндеседі. Өйткені білімді, бәсекеге қабілетті, жаңашыл ойлайтын ұрпақ – елдің зияткерлік әлеуеті мен экономикалық дамуының басты тірегі.
Бұланды ауданының мектептерінде білім алып жүрген осындай дарынды балалардың жетістіктері ауыл мектебінің де үлкен мүмкіндіктерге жол аша алатынын көрсетеді. Ең бастысы – әрбір жасқа өз қабілетін танытуға мүмкіндік беріп, оның арманына жетуіне қолдау көрсету.


А. АМАНЖОЛОВА.