Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды басымдықтарды айқындап, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамда жаңа этиканы орнықтыру және «Адал азамат» идеологиясын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Президент атап өткендей, еліміздің орнықты дамуы үшін қоғамда адалдық пен жауапкершілікке негізделген жаңа көзқарас қалыптасуы қажет. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін адал еңбек ету – нағыз отаншылдықтың көрінісі.
Бұл қағидаттар, ең алдымен, мемлекеттік қызмет саласында берік орнығуы тиіс. Өйткені мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті, қабылдаған шешімі мен азаматтармен қарым-қатынасы халықтың билікке деген сенімін қалыптастырады.
Ал мемлекеттік жүйедегі өзекті мәселелердің бірі — сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, мемлекеттік органдарға деген халықтың сеніміне нұқсан келтіретін күрделі мәселе. Сондықтан онымен күресу тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік қызметшілердің ғана міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.
Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ерекше маңызға ие. Себебі халық мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін, ең алдымен, өз ауылындағы, ауданындағы күнделікті өзгерістер арқылы сезінеді.
Қараөзек ауылдық округі – қалаға ең жақын орналасқан, тұрғындар саны жағынан да ауқымды ауылдық округтердің бірі. Округ экономикасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Сонымен қатар аумақта егін шаруашылығымен айналысатын бірнеше ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Тұрғындардың едәуір бөлігі білім беру саласында, Макинск құс фабрикасында және аграрлық секторда тұрақты жұмыспен қамтылған.
Осындай өзіндік экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктері бар ауылдық округте мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынастың маңызы зор.
Ауылдық округ әкімдігіне тұрғындар жер мәселесі, жайылымдық жерлерді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінеді. Әрбір өтініш заң аясында, әділ әрі ашық қаралуы керек. Азаматтардың өтінішіне уақытылы жауап беру, олардың мәселесіне бейжай қарамау – мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі.
Президент Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, бюрократиялық кедергілерді азайту және заманауи цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану қажеттігі де атап өтілді. Бұл бағыт жергілікті әкімдіктердің жұмысына да тікелей қатысты.
Бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, адами факторды азайтуға, қызмет көрсету үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан жергілікті деңгейде де тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру маңызды.
Әсіресе жер қатынастары саласында заңдылық пен ашықтықты сақтау айрықша мәнге ие. Жер учаскелеріне қатысты өтініштерді қарау, жайылым мәселелерін шешу, жерді пайдалану тәртібін түсіндіру кезінде барлық азаматтарға бірдей талап қойылуы тиіс. Ешкімге негізсіз артықшылық берілмеуі керек. Әрбір шешім нақты заң талаптарына сәйкес қабылдануы қажет.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін шаруалар мен кәсіпорын өкілдерімен қарым-қатынаста әділдік пен ашықтық басты орында болуы керек. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар мен егін егетін шаруашылықтардың заңды мүдделері ескеріліп, олардың мемлекеттік органдармен байланысында артық әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс.
Мемлекет басшысы аграрлық секторды дамыту, өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мәселелеріне де басымдық берді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда ауылдық жерлердегі мемлекеттік органдардың үйлестірушілік рөлі маңызды. Әкімдік шаруалар мен кәсіпкерлердің заңды бастамаларына қолдау көрсетіп, ауыл экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасауға атсалысуы қажет.
Алайда мұндай жұмыстардың барлығы заңдылық пен адалдық қағидаттарына негізделгенде ғана нәтижелі болады. Мемлекеттік қолдау көрсету, мәселелерді шешу немесе қандай да бір қызметті ұсыну кезінде жеке таныстыққа, туыстық байланысқа немесе заңсыз сыйақыға жол берілмеуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігімен қатар, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заңсыз талаптарға келіспеуі және қандай да бір құқық бұзушылыққа тап болған жағдайда тиісті уәкілетті органдарға хабарлауы қажет.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім біржақты қалыптаспайды. Ол мемлекеттік органдардың ашықтығы, азаматтардың белсенділігі және екі тараптың да заң талаптарын құрметтеуі арқылы нығаяды.
Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар өз мәселесін шешу үшін ешкімге заңсыз өтініш жасауға немесе қосымша ақы төлеуге мәжбүр болмайтын ашық әрі әділ орта қалыптастыру. Әрбір азамат мемлекеттік қызметті еш кедергісіз, тең дәрежеде алуы керек. Мемлекеттік қызмет халыққа қызмет ету екенін әрбір қызметші терең түсінуі қажет.
Президент Жолдауында айтылған «Адал азамат» идеологиясының мәні де осында. Адалдықты тек сөз жүзінде дәріптеу жеткіліксіз. Оны күнделікті еңбекпен, жауапкершілікпен, заңға құрметпен және қоғам алдындағы міндетті адал орындаумен көрсету қажет.
Қараөзек ауылдық округінің дамуы, тұрғындардың әл-ауқатының артуы және ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі өзара сенімге, жауапкершілікке және адал еңбекке тікелей байланысты. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек.
Адалдық – мемлекеттік қызметтің басты өлшемі, заңдылық – әділетті қоғамның тірегі, ал сенім – халық пен билік арасындағы берік байланыстың негізі.
Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанды құру жолындағы міндеттерді жүзеге асыру әрбір азаматтың ортақ ісіне айналуы тиіс. Өйткені елдің болашағы тек қабылданған шешімдерге ғана емес, сол шешімдерді жүзеге асыратын адамдардың адалдығы мен жауапкершілігіне де байланысты.


А. МОЛДАСПАЕВ, Қараөзек ауылдық округінің әкімі.