ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысын мәлімдеді. Бұл туралы департамент басшысы Рүстем Ерғалиев журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Санақ 2006-2007 жылдан кейін алғаш рет өткізіледі. Бұл жолы ол халықаралық стандарттарға сәйкес бір кезеңде, яғни жануарлар мен өсімдіктер шаруашылығын қатар қамтып өтеді.

«Ауыл шаруашылығы санағы – еліміздің аграрлық секторының құрылымы мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректер алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық науқан. Ол тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл өндірушілерін қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», – деді Ерғалиев.

Басқарма басшысының айтуынша, санаққа дайындық 1,5 жыл бұрын басталған. Арнайы үкіметтік комиссия құрылып, құқықтық актілер қабылданған. Облыста өңірлік комиссия жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ барлық аудан мен қалада да осындай құрылымдар жасақталған. Өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілген. Былтыр пилоттық санақ өткізіліп, ақпараттық жүйелер мен әдістеме сынақтан өткізілген.

Санаққа ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа/фермер қожалықтары қатысады. Сонымен бірге үй жанындағы жер телімінде бау-бақша өсіріп, мал ұстайтын жеке үй шаруашылықтары да санаққа енеді.

«Биыл 1–30 маусым аралығында өңірдің 10 қаласында – Қосшы, Степногорск, Ақкөл, Атбасар, Макинск, Степняк, Ерейментау, Есіл, Державинск және Щучинск қалаларында тізімдеу (листинг) жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде жеке үй шаруашылықтарының мекенжайы нақтылап, негізгі санаққа дайындық жасалады», деп толықтырды спикер.

Негізгі санақ 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Оның бірінші кезеңінде, 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама жүргізіледі. Респонденттер ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы тіркеліп, сауалнаманы өздері толтыра алады. Онлайн режимнің ыңғайлылығы – уақыт үнемдеу мен деректердің сапасын арттыру.

Интернетке қолжетімділігі жоқтар үшін жергілікті әкімдіктер мен статистика бөлімдерінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады.

20 қыркүйектен бастап интервьюерлер үй-үйді аралап, офлайн сауалнама жүргізеді. Бұл кезең онлайн толтырылмаған респонденттерді қамтиды.

Заңды тұлғалар мен шаруашылықтардан жер және егістік аумағы, мал басы, техника, инфрақұрылым, еңбек ресурстары мен басқа да көрсеткіштер туралы мәліметтер алынады. Жеке үй иелеріне жер көлемі, бақша егу, мал ұстау жағдайы туралы қысқартылған сауалнама ұсынылады.

Ерғалиев атап өткендей, барлық мәліметтер құпия сақталып, тек жалпыланған күйде жарияланады. Ал респонденттің келісімімен кейбір мәліметтер мемлекеттік деректер базасын жаңарту үшін қолданылуы мүмкін.

Санақ жұмыстарына 230-дан астам интервьюер мен нұсқаушы тартылады. Олардың қатарында жұмыссыздар, студенттер және ниет білдірген тұрғындар болады. Олар арнайы онлайн платформадан (Data Literacy Hub) оқу курсынан өтіп, тест тапсырады. Бұл тәсіл сапалы дерек жинауға жол ашады. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ-мен меморандум жасалып, ауылдық пошташыларды да осы жұмысқа тарту қарастырылған.

2025 жылдың желтоқсан айында алдын ала қорытындылар жарияланады, ал толық нәтижелер мен аналитикалық есептер 2026 жылы Бюроның ресми сайтында жарияланады.

«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саланы тұрақты дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық негізі. Барша азаматтарды санаққа жауапкершілікпен қарап, белсенді қатысуға шақырамыз», – деп түйіндеді Ерғалиев.

Толық ақпаратты 1446 нөмірі арқылы немесе Sanaq-Myrza атты виртуалды көмекші арқылы алуға болады. Онлайн сауалнама кезеңінде call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.