Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған лагерлердің дайындығы мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) беру тәртібіне қатысты түсініктемелер берді.Бұл туралы брифинг барысында департамент басшысының міндетін атқарушы Сәуле Садвакасова осы бағыттағы негізгі талаптар мен өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Облыс аумағында қазіргі уақытта 18 балалар лагері тіркелген, оның үшеуі – жыл бойы жұмыс істейтін, ал қалғандары – маусымдық. Сәуле Садвакасованың айтуынша, маусымдық лагерлер жазғы маусым басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті.
«Балалар лагерлері – эпидемиологиялық тұрғыдан аса маңызды нысандар. Сондықтан олардың қызметін бастау үшін міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет. Бұл – балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етудің басты кепілі», – деді С.Садвакасова.
Санитарлық қорытынды алу үшін өтініштер электронды үкімет порталдары – www.egov.kz немесе www.elicense.kz арқылы қабылданады. Өтінішке нысанның кадастрлық паспорты және аккредиттелген зертханалардан алынған зертханалық талдау нәтижелері қоса тіркелуі қажет.
Балалар лагерлері үшін талап етілетін зерттеулер қатарына мыналар кіреді: микроклимат, температура, ауыз су сапасы, жасанды жарықтандыру, бассейн мен жағажай суларындағы бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық көрсеткіштер, сондай-ақ топырақ пен құмнан алынған үлгілер.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні. Алғашқы 2 күн ішінде құжаттардың толықтығы тексеріледі, кейінгі 4 күнде объектіге барып тексеру жүргізіледі.
«Құжаттар толық болмаса немесе мерзімі өтіп кеткен жағдайда, қызмет көрсетуден бас тарту жөнінде дәлелді жауап жолданады. Егер объекті санитарлық талаптарға сай болса, онда СЭҚ ресми түрде беріледі», – деді С.Садвакасова.
Сонымен қатар, эпидемиологиялық тұрғыдан маңызы төмен объектілер үшін тек хабарлама тәртібі қолданылады және бұл мемлекеттік қызмет түріне жатпайды.
СЭҚ алу тәртібі мен қажетті зертханалық тексерулер туралы толық ақпаратты Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтынан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.