
Ақмола облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 100-ден астам мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
9 мамыр күні өңірдің барлық ірі қалалары мен аудан орталықтарының орталық алаңдарында «Жеңіс батырлары» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақмола» атты фотокөрмелер ашылды. Көрмелерді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Көкшетау қаласының тарихы мұражайы ұйымдастырды.
Ұлы Жеңіс құрметіне Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Соңғы хат» және Ақмола облыстық орыс драма театрында «Сарбаздың әкесі» атты спектакльдердің премьералары өтті. Сондай-ақ республика көлемінде патриоттық поэзия оқудан челлендж басталды. Облыс аумағындағы ҰОС ескерткіштері мен Даңқ аллеяларында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ақмола облыстық филармониясы әнші Сәрсенбай Хасановтың «Жас қазақ» авторлық жобасын ұсынады. «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты облыстық вокалдық байқау өтті. Ал халық шығармашылығы орталығы «Біз Жеңістің ұрпақтарымыз!» атты патриоттық әндер байқауын өткізді. Сонымен қатар, Әдебиет және өнер мұражайында «Майдангер ақын-жазушылар» атты көрме ашылды.
Жаңа жобалар да назардан тыс қалмайды. Буланды ауданында «Гүлденген Қазақстан» атты облыстық патриоттық ән байқауы өтсе, Степногорск қаласында «Ерлікке тағзым» атты әскери әндер конкурсы ұйымдастырылды.
Мерейтой аясындағы ерекше оқиғалардың бірі — Целиноград ауданында алғашқы халық театрының ашылуы болмақ. Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай театрда Қанат Жүнісовтің «Әлия» пьесасының премьерасы өтті. Бұл қойылым алдағы уақытта облыстың басқа аудандары мен қалаларында да сахналанатын болады.
Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларының орталық алаңдарында, сондай-ақ барлық аудан орталықтарында театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды.