
Себебі құмар ойынға тәуелділік – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның әл-ауқатына қауіп төндіретін әлеуметтік әрі экономикалық мәселеге айналды. Облыстағы құмар ойындарымен күрес жолдары туралы Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті басшысының орынбасары Алмас Баймурзин брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Экономикалық тергеу департаменті облыс аумағында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүйелі түрде алдын алу және заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, 2024 жылдың өзінде интернет кеңістігіндегі мониторинг нәтижесінде 1472 күмәнді сілтеме анықталып, оның 1309-ы бұғаттауға жіберілген. Олардың ішінде интернет-казино, қаржы пирамидалары мен жалған криптовалюта жарнамалары бар.
«2024 ЖЫЛДЫҢ 8 ШІЛДЕСІНДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ОЙЫН БИЗНЕСІ, ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРГЕ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ. БҰЛ ҚҰЖАТТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚАТЫСУҒА ТІКЕЛЕЙ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН. ЕГЕР ЗАҢ БҰЗЫЛСА, ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТУҒА ДЕЙІНГІ ШАРАЛАР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН», ДЕЙДІ СПИКЕР.
Аталған бастама ел арасында кеңінен қолдау тапты. Себебі құмар ойынға тәуелді мемлекеттік қызметкердің өзі де, айналасы да, қызметі де зардап шегеді. Бұл парақорлыққа, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалануға апаратын жолдардың бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, лудомания – яғни құмар ойынға тәуелділік – адамның моральдық күйін әлсіретіп, еңбек өнімділігін төмендетеді. Мұндай жағдайларда отбасылық жанжалдар жиілеп, тұрмыстық құқықбұзушылықтар артады. Тіпті жұмыссыз қалған адам әлеуметтік көмекке мұқтаж болып, мемлекетке қосымша салмақ түсіреді.
«ЭКОНОМИКА ТҰРҒЫСЫНАН АЛҒАНДА ДА БҰЛ ҚҰБЫЛЫС ҚАУІПТІ. МӘСЕЛЕН, БІР ҒАНА ИНТЕРНЕТ-КАЗИНО АРҚЫЛЫ ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚАРЖЫСЫ ШЕТЕЛГЕ АҒЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН. БҰЛ, БІР ЖАҒЫНАН, ЕЛДІҢ ІШКІ ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТЕДІ, ЕКІНШІ ЖАҒЫНАН, КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҮЛЕСІН АРТТЫРАДЫ», ДЕП ТОЛЫҚТЫРДЫ АЛМАС БАЙМУРЗИН.
ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғалар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, айыппұл, мүлкін тәркілеу және қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты жаза түрлері де қарастырылған.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, заманауи технологиялар арқылы жасырын казино ашу, онлайн платформаларда заңсыз ойын ұйымдастыру фактілері жиілеп барады. Мұндай жағдайда құқық қорғау органдары тек жазалау шараларын емес, алдын алу, ағарту жұмыстарын да қатар жүргізуде.
Заңмен шектеу жеткіліксіз. Бұл дерттің алдын алуда қоғамның өзі де белсенділік танытуы қажет. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту – басты міндет. Себебі құмар ойын адамды бірте-бірте жеке өмірінен, мансабынан, болашағынан айырады.
Мемлекет бұл мәселеге бейжай қарамай, 2024–2026 жылдарға арналған лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарын қабылдады. Ендігі кезекте бұл бағытта қоғам болып жұмыла әрекет ету – уақыт талабы.