
Аймақта жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бірақ қызылша мен көкжөтел бойынша күрделірек болып отыр. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Облыста жыл басынан бері 128 қызылша дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Спикердің айтуынша ауру негізінен 14 жасқа дейінгі балалар арасында, әсіресе 1 жасқа толмағандарда жиі кездеседі. Науқас балалардың 98%-ы егілмеген. Бурабай, Зеренді, Егіндікөл аудандарында екпе алу көрсеткіші жеткіліксіз деңгейде қалып отырған көрінеді.
Ал көкжөтел бойынша облыста 4 жағдай тіркелген. Науқастардың барлығы 14 жасқа дейінгі балалар. Негізгі себептері вакцинациядан бас тарту және медициналық қарсы көрсетілімдер. Ауру Бурабай ауданында, Көкшетау және Степногорск қалаларында тіркелген. Көкжөтелге қарсы екпе алу деңгейі ДДСҰ ұсынған көрсеткіштен төмен.
«Эпидемиологиялық маусым басталғалы 120 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық төмендегенімен, 2025 жылғы қаңтарда шектеу шаралары енгізілді. Вирустық зерттеулер нәтижесінде A типті тұмау және COVID-19 жағдайлары анықталды», — деп толықтырды Қанат Ысқақов.
Сондай-ақ осы жылы менингококк инфекциясы мүлдем тіркелмеген. Өткен жылы 7 жағдай анықталып, оның ішінде 2 жасқа дейінгі балалар арасында 2 өлім жағдайы орын алған. Қанат Ысқақовтың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басты себебі науқастардың медициналық көмекке кеш жүгінуі.
HPV-ге қарсы вакцинация 11-13 жастағы қыздарға адамның папиллома вирусына қарсы жоспарлы екпе салу басталды. 4 300-ден астам қыз бала вакцинациядан өтті, жағымсыз реакциялар анықталған жоқ.
Мамандар вакцинация – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенімді жолы екенін еске салды. Уақытылы жасалған екпе балалардың денсаулығын сақтауға және ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.