
Шортанды ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Аудан бойынша 30 мың текше метр қар шығарылып, су өткізу құрылғылары тазартылды. Бұл туралы брифингте аудан әкімінің орынбасары Айбек Керімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Наурыз айында «Көктем-2025» оқу-жаттығулары өткізіліп, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету жоспары тексерілді. Мобильді топтар кезекшілігі ұйымдастырылды, 318 тонна инертті материал мен 16 мың қап дайындалды. Қосымша мотопомпалар сатып алынуда.
«Су тасқынына қарсы жұмыстарға 5 жүк көлігі, 4 тиегіш, 5 экскаватор, 11 трактор және арнайы эвакуациялық техника жұмылдырылды. Қаржыландыру көлемі 20,1 млн теңгені құрайды, ал төтенше жағдайларға 42,2 млн теңге резерв қарастырылған», — деді спикер.
Ауданда 6 эвакуациялық пункт әзірленіп, 1 900 адамды қабылдауға дайын. Су деңгейі қауіпті аймақтарда тәулік бойы бақыланады, қажет жағдайда жару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
9 гидротехникалық құрылғының жай-күйі тексеріліп, жөндеу жұмыстары басталды. Дамса ауылында гидротехникалық құрылғыны қайта құруға 1,09 млрд теңге бөлініп, жаңа шлюздер салынуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталмақ.
Шортанды ауданында су тасқынының алдын алу шаралары тұрақты түрде жалғасуда.