Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек атаулы мереке ғана емес, сонымен қатар майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне тағзым ететін ерекше кезең. Олардың қайсарлығы мен жанқиярлық еңбегі бізге бейбіт өмір сыйлады. Осы айтулы күн қарсаңында Ақмола облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін қамқорлық басты назарда.
Ақмола облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жыл сайын қаражат санаторий-курорттық емделуге жұмсалуы мүмкін бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Биылғы жылы төлем мөлшері 40 АЕК-ке дейін, яғни 157 280 теңгені құрайды.
Облыс аумағында қазіргі таңда 5 Ұлы Отан соғысының ардагері және 1638 тыл еңбеккері тұрады. Олардың басым бөлігі Көкшетау қаласында – 679 адам, Степногорск қаласында – 137 адам, ал Зеренді ауданында – 108 адам. Қалған аудандарда бұл сан 50-70 адамнан аспайды.
Көптеген ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің жасы ұлғайғандықтан, санаторий-курорттық емдеуге бару мүмкіндігі шектеулі. Өткен жылы бұл қызметті тек 4 адам ғана пайдаланды.
Дегенмен, көмек тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Өткен жылы Жеңіс күніне орай демеушілердің көмегімен 398 азық-түлік себеті тыл еңбеккерлеріне табысталды.
Жеңістің 80 жылдығы аясында биыл да осы игі дәстүр жалғасатын болады.