Ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуының маңызды мәселелерінің бірі — білім беру. Бұл тек құжат алу және мамандық игеру мүмкіндігі ғана емес, бұл ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделу мәселесін шешу болып табылады. Осы мақсатта Ақмола облысында инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

         Қазіргі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 519 бала тұрады, оның ішінде 6 жасқадейін — 5171 бала, 7-18 жас аралығында — 8292 бала, ТжКББ ұйымдарында оқитын — 56 студент.

Нозология бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың бұзылуын талдай отырып, 40%- сөйлеу қабілеті бұзылған, 34%- психикалық дамуы тежелген және 13%- ақыл-ой кемістігі бар балалар екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ, егер динамиканы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстыратын болсақ, 1668 балаға жалпы арту байқалады, эмоционалдық-еріктік саласы бұзылған (аутизм) балалардың саны  191 балаға өсуі байқалады.

         «Инклюзивті білім беруді дамытуда арнайы білім беру ұйымдарының желісі үлкен рөл атқарады. Облыста балалармен 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 20 психолого-педагогикалық түзету кабинеті, 84 инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істейді.Арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту мақсатында Көкшетау қаласында сөйлеу қабілеті бұзылған  балаларға арналған 280 орындық балабақша салынуда», — деп атап өтті өңірлік білім басқармасының басшысы АйнагүлБалташева.

    Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйек айында Ақмола облысында алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін «Аяла» атты арнайы балабақша ашылды, оның жобалық сыйымдылығы — 166 орын. Оқыту және тәрбиелеу мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Балаларға балабақшада  қызметтер тегін негізде ұсынылады.

Инклюзивті білім беру жағдайларын жасау бойынша маңызды аспектілердің бірі — материалдық-техникалық базаны нығайту. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тасымалдау үшін облыс бойынша барлық 20 психолого-педагогикалық түзету кабинеттері үшін арнайы автокөліктердің 20 бірлігі сатып алынды.

Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету және іс-шараларды жүзеге асыру үшін елді мекендерде кедергісіз орта құру шаралары да қолға алынған. Білім басқармасы жыл сайын облыстың білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз кіруге арналған бейімдеу шараларына айрықша назар аударады.Барлық білім беру ұйымдарында пандустар орнатылған, 27 ұйымда пандустың орнатылуы қажет емес, себебі кедергі жоқ. Барлық ұйымдарда шақыру батырмалары, сырғанауға қарсы жабындар мен контрастты бояулар орнатылған.             «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайынғы бейімдеу шаралары «Жол картасы» бойынша да жүзеге асырылады. Осы мақсатта 2024 жылы облыстық бюджеттен 61 білім беру ұйымына 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Білім беру қызметінің сапасы мен түзету жұмыстары педагогтардың кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 1090 арнайы педагог (логопедтер, дефектологтар, тифлопедагогтар, сурдопедагогтар, олигофренопедагогтар, педагог-психологтар) жұмыс істейді, олардың 687-і жалпы білім беретін мектептерде, 183-і балабақшаларда, 220-сы арнайы ұйымдар мен түзету кабинеттерінде қызмет атқарады. Барлық педагогтар жоғары білімді.

Айта кету керек, 2020-2025 жылдарға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдау ресурстық кабинеттер желісін кеңейту» жоспарына сәйкес 2025 жылы облыстың барлық аудандары мен қалаларында инклюзивті білім беруді қолдау үшін 30 кабинет ашу жоспарлануда.