
Ақмола облысында су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары ерте басталды. Ақкөл ауданы су деңгейінің қауіпті межеден асу қаупі төмен аймақтардың қатарына кіргенімен, көктемгі су тасқынына қарқынды дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қазіргі таңда елді мекендерден 37 мың текше метрден астам қар шығарылды.
«Екі мың дана қап дайындалды, 6,5 тонна жанар-жағармай қоры жасақталды, 12 128 адамды орналастыруға есептелген 17 эвакуациялық пункт әзірленді. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда жол ұйымдарынан инертті материалдар алу бойынша меморандумдар жасалды,» – деп мәлімдеді Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Саят Кенжетай.
Бұдан бөлек, әкім орынбасары арнайы инженерлік және эвакуациялық техниканың, соның ішінде үй жануарларын құтқаруға арналған құралдардың да дайын екенін жеткізді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда, халық былтыр орнатылған құрылғы арқылы хабардар етіледі. Жоспар бойынша атқарылатын жұмыстар толық көлемде орындалды.
«Еңбек ауылындағы Жарлықөл көлінде бөгет жасау жұмыстары жүргізілді, атап айтқанда, бөгетті инертті материалдармен толтырып, нығайту шаралары жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ауданда республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 112 су өткізу құрылғысы бар,» – деп атап өтті Саят Кенжетай.
Ауданда әртүрлі меншік нысанындағы сегіз гидротехникалық құрылғы орналасқан. Тексеру нәтижелері бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық деп танылды, ал су қоймаларындағы су деңгейі белгіленген нормадан аспайды. Күнделікті су деңгейін бақылау жүргізілуде.
Ауа температурасының күрт жылынуы салдарынан Қызылбор су қоймасы маңындағы елді мекендерді су басу қаупі бар. Былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде су деңгейі 145 см-ге дейін көтерілген. Осыған байланысты, алдын алу шаралары тәулік бойы жүргізілуде.
Мамандардың болжамы бойынша, Мереке, Амангелді және Қараөзек ауылдары уақытша жол қатынасынан ажырауы мүмкін. Дегенмен, бұл ауылдарға балама жолдар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Амангелді ауылында көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл көпір жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жол қатынасы мәселесін түбегейлі шешуге көмектеседі.