Біздің қоғамда әртүрлі этностар мен дін өкілдері бейбітшілік пен келісімде бірге өмір сүріп, ұлтаралық және дінаралық түсіністік орнатқан. Сондықтан да ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтап, ынтымақ пен бірлікті нығайту – біздің ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз» деген сөздер еліміздің әрбір азаматына ынтымақтың маңыздылығын терең ұғындырады. Біз бірлігімізді сақтай отырып, елімізде бейбітшілік пен келісім орнатуға күш салуымыз керек.
Рождество – бұл тек қана діни мереке емес, ол бүкіл қоғамға рухани жаңарудың символы болып табылады. Мейрам кезінде адамдардың бір-біріне көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы, олардың арасындағы мейірімділік пен түсіністік елімізде толеранттылық пен келісімді нығайтады. Қазіргі қоғамда ұлттар мен діндердің үйлесімді өмір сүруі – біз үшін аса маңызды құндылық
Христостың туған күні, немесе Рождество мерекесі — христиандық дәстүр бойынша Иса Мәсіхтің туған күні ретінде тойланады. Бұл күн христиандар үшін ерекше маңызды, себебі Иса Мәсіхтің дүниеге келуі — әлемге құтқарушының келуі мен жаңа өмірдің басталуы деп есептеледі.
Рождество мерекесі барлық әлемде 25 желтоқсанда тойланса да, Шығыс христиан шіркеулері, оның ішінде Ресей, Украина, Грузия және басқа да елдерде, Юлиан күнтізбесін қолданатын мемлекеттерде Рождество 7 қаңтарда атап өтіледі. Бұл күннің діни мәні өте зор — христиандар шіркеуге барып, дұға етіп, Иса Мәсіхтің дүниеге келуін еске алады. Сонымен қатар, бұл күнде адамдар өздерінің жақындарына ізгі тілектерін арнап, өзара махаббат пен мейірімділік білдіреді.
Рождество тек діни мереке ғана емес, сондай-ақ адамгершілік пен қайырымдылықты насихаттайтын күн. Осы күні көптеген адамдар кедейлерге, мұқтаждарға көмектесіп, өздерінің ізгілікті істерін жүзеге асырады. Бұл мереке қоғамда бейбітшілік пен сүйіспеншілікті орнату мақсатында өткізіледі.
Рождество күні үйлерде мейрамдық дастарқан жайылып, тамақ дайындау мен жақындарымен бірге уақыт өткізу христиандардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын көрсететін маңызды дәстүр болып табылады. Бұл күні адамдар бір-біріне бейбітшілік, қуаныш және тыныштық тілейді. Осылайша, Рождество тек діни мереке ғана емес, ұлттар мен ұлыстар арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға да зор үлес қосады.
Ақмола облысы Дін істері басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ ұжымының және өз атымнан христиан қауымын Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ұлы мерекеде сіздерге мейірімділік, махаббат, тыныштық пен бейбітшілік тілеймін! Рождество әрбір үйге жылулық, қуаныш әкелсін. Құдайдың шапағаты әрқашан сіздермен болсын!
Б.Касенов, Ақмола облысы Дін істері басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы» КММ басшысы