Мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу шаралары жайлы Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінін басшысы Айнагүл Мусина журналистермен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Жыл басынан бері Ақмола облысында тамақтан уланудың үш жағдайы тіркелді. Одан 34 адам уланса, оның 25 бала. Алғашқы оқиға мамыр айында орын алған, Қосшы қаласындағы кондитерлік цехтың өнімдерін тұтынған 12 адам, оның ішінде 5 бала, сальмонеллез ауруына шалдықты. Екінші жағдай маусым айында «Тұмар» демалыс базасында болды. Щучинск қаласындағы демалыс орнында балалар арасында тағамдық токсикоинфекция тіркелді. Үшінші жағдай шілде айында Сарыбұлак ауылындағы шатырлы лагерьде болды, мұнда 5 спортшы уланды.

«Әрбір тамақтан улану оқиғасы бойынша жоспардан тыс тексерулер мен санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша санитариялық нормалардың бұзылғандығы анықталды. Қосшы қаласындағы кондитерлік цехта рұқсат құжаттары болмаған, қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтпеген, ал тамақ әзірлеу процесі бұзылған», – деді Айнагүл Мусина.

«Тұмар» демалыс базасында асханалық жабдықтарды пайдалану бойынша тәртіп бұзушылықтар анықталды. Өндірістік бақылау болмаған және аспазшы мен бас аспазда қауіпті St.aureus микроорганизмінің тасымалдаушысы табылды. Сондай-ақ, зардап шеккен балалардың ас қорыту жүйесінен алынған сынамаларды тексеру кезінде St. aureus табылды.

Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына тапсырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ қоғамдық тамақтандыру объектілеріне әкімшілік айыппұлдар салынып, олардың жалпы сомасы 193 мың теңгеден асты.
Санитарлық органдар қоғамдық тамақтандыру орындарына бақылауды күшейтті. Тексеру нәтижесінде 259 эпидемиологиялық маңызы бар нысанның 66-сы рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтіні анықталды. Көкшетау қаласы мен Бурабай және Целиноград аудандарында ең көп ереже бұзушылықтар тіркелді. Бұл нысандарда өндірістік бақылау жүргізілмеген, қызметкерлердің медициналық тексерістен өтуі қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ тамақ өнімдерін сақтау мен дайындау бойынша елеулі бұзушылықтар болған.
Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында тамақтан улануды болдырмау үшін профилактикалық шараларды сақтау өте маңызды. Бұл кезеңде дәстүр бойынша түрлі тағамдарды тұтыну көбейеді, олардың көпшілігі мұқият өңдеуді және дұрыс сақтауды талап етеді.

«Тағам өнімдерін таңдау кезінде олардың сапасына және жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Қаптамасы бүлінген, жарамдылық мерзімі өткен немесе күдікті иісі бар өнімдерді қолдануға болмайды. Мерекелік тағамдарды әзірлеу кезінде көкөністер мен жемістерді мұқият жуу, ет, балық және басқа өнімдер үшін жеке кесу тақтайшаларын пайдалану сияқты гигиеналық шараларды сақтау қажет. Ет, балық және жұмыртқаларды термиялық өңдеуде ерекше сақ болу керек, өйткені олар қауіпті бактериялардың көзі болуы мүмкін», – деп атап өтті Айнагүл Мусина.

Айта кету керек, Ақмола облысының санитариялық органдары жаңа жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмысын белсенді түрде жүргізуде.