Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 6 сыртқы талдау мен 4 антикорпаративті мониторинг жүргізілді. Бұл шаралар әлеуметтік маңызды салалардағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған. Бұл туралы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Асхат Оразхан брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Департамент жүргізген талдаулар нәтижесінде 56 ұсыныс пен кеңес енгізіліп, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты қадамдар жасалды.

«Бұл мәселелер әсіресе жолдарды жөндеу мен салу кезінде кездесіп отыр, соның ішінде жоспарлау, бақылау және күтіп ұстау процестерінде. Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселелерді шешуге бағытталған жоспар әзірленіп, жүзеге асырылуда»,-деді спикер.

Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығына қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де талданып, 300-ден астам фермердің құқықтары қалпына келтірілді. Бұл үшін фермерлерге ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы субсидиялар алу үшін қайта өтінім беруге мүмкіндік берілді. Қазір 600 миллион теңгеден астам қаржының бөлінуіне жағдай жасалыпты.

Асхат Оразханның мәліметінше Ақмола облысындағы білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы әрекеттер де жалғастырылуда.

«Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыстар мен бюджеттік өтінімдерді ұсыну тәртібін реттеді, сондақтан да бұл салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша маңызды қадамдар жасалды. Әрі қарай осы салада бақылау күшейтіліп, бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуына кепілдік беріледі»,-деді ол.

Департамент биылғы жылы «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыруда да белсенді жұмыс атқарды. Бұл жобаның негізгі мақсаты — кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және олардың бизнес жүргізуіне кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою. Биылғы жылы 616 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, департамент мемлекеттік сатып алуларда да мұқият бақылау жүргізіп, қазына қаражатының тиімсіз жұмсалуын алдын алуда. 2024 жылы мемлекеттік сатып алу барысында 1,2 миллиард теңге үнемделді.

Құқықтық насихат жұмыстары да сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ақмола облысында осы мақсатта жыл бойы «Мобильді антикоррупциялық топ» жобасы жүзеге асырылды.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған қоғамдық мониторингті дамыту үшін департамент «Антикоррупциялық волонтер» жобасын қолға алды. Волонтерлер облыстағы көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуын бақылап, 619,4 миллион теңге үнемдеуге көмектесті. Сонымен қатар, 877 азаматқа заң көмегі көрсетілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Жемқорлықтың алдын алу және оны жою мақсатында барлық мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері бірігіп, Қазақстанның әл-ауқаты мен әлеуметтік әділеттілігін арттыру жолында жұмыс істейді. Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, еліміздің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.