Ақмола облысы аумағында су айдындарында жазатайым оқиғаларды алдын алу бағытында «Мұз-2024» республикалық акциясы басталды. Оның барысы туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жанат Асылбеков брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Басқарма бастығының айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған акция аясында күн сайын профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе, су айдындарында балықшылар мен қысқы демалысты ұнататындар үшін қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылады.
«Соңғы апталардың ішінде облыс аумағында аумақтық полиция бөлімшелерімен және көлік инспекциясымен бірлесіп 1500-ден астам рейдтер мен патрульдер өткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 15 адам әкімшілік жауапқа тартылды», — деді Жанат Асылбеков.
Сонымен қатар, халықты қыс мезгіліндегі қауіптерден хабардар ету үшін радиохабарлар, брифингтер ұйымдастырып, 8 мыңнан астам буклеттер таратылған. Одан бөлек әлеуметтік желілер мен БАҚ белсенді қолданылады. Басқарма басшысының айтуынша алдын алу шараларының белсенділігіне қарамастан, соңғы жылдары қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін болмаған.
«Соңғы үш жыл ішінде облыстың су айдындарында 9 жазатайым оқиға тіркелді, оның 5-і 2021 жылы, ал 2022 және 2023 жылдары екі жағдай болды. Суға батқандардың ең көп саны Целиноград ауданында 3 адам, сондай ақ Атбасар, Аршалы, Астрахан және Зеренді аудандарында-бір адамнан тіркелді. Биылғы жылы, бақытымызға орай, адам өлімі тіркелген жоқ», — деді Жанат Асылбеков.
Жауапты маман жастармен үнемі жұмыс істеу қажеттілігін баса айтты. Алдын алу шаралары аясында WhatsApp және Telegram сияқты мобильді қосымшалар мұздағы қауіпсіздік туралы ақпаратты және дауыл туралы ескертулерді тарату үшін белсенді қолданылады. Ата-аналарға, балықшыларға, сондай-ақ үнемі ескертулер мен жадынамалар жіберілетін сыныптарға арналған топтар құрылды.
«Балықшыларға әрқашан өздерімен бірге құтқару құралдарын алып жүру, сондай-ақ мұзға ауыртпалық түсіретін топтық аулаудан аулақ болу ұсынылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұщы су қоймаларында қалыңдығы 10 см және тұзды су қоймаларында 15 см мұз ғана адамдар үшін қауіпсіз болып саналатынын есте ұстаған жөн», — деп түйіндеді басқарма басшысы.
Аталған шаралар аясында департамент мұздағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау қайғылы оқиғалардан аулақ болуға және өз өмірін ғана емес, жақындары мен балаларының өмірін сақтауға көмектесетінін еске салады.