Биылғы жылы облыста 2 заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта екі кешен де толық қуатта жұмыс істейді. Ол Қосшы және Есіл қалаларында. Бұл туралы Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин журналисттермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Басқарма басшысының мәліметінше қазіргі уақытта облысты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 60,4% — құрайды. Сондай ақ, Бурабай ауданының Мәдениет ауылында 1 спорт кешенің құрылысы аяқталды.
«Биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олар Жақсы ауданының Жақсы ауылы, Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылы, Шортанды ауданының Бозайғыр ауылы, Целиноград ауданы Родина ауылында қолға алынған», – деді Ардақ Төлендин.
Көкшетаудағы Красный Яр ауылында және Степногорск қаласының Бестөбе ауылында облыс бюджеті есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы спорт сарайының құрылысы жүргізілуде.
«Спорт объектілерінің желісін ұлғайту жөніндегі жұмысқа бюджеттен тыс қаражат та тартылады. «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жылдам салынатын спорт кешені (Степногорск қ.), «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының есебінен Целиноград ауданы Қажымұқан ауылыда ауа тіреуіш ғимараты базасында спорт кешені салынуда.» деп толықтырды басқарма басшысы.
Брифинг барысында басқарма басшысы жыл қорытындысынан бөлек алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауда атап өткен тапсырмаларын орындау мақсатында 2024 жыл аяқталғанға дейін және 2025 жылға спорт саласының алдында бірқатар міндеттер тұр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың грек-рим күресі, еркін күрес және биатлоннан 3 аға жаттықтырушысының біліктілігін арттыру курстарынан өту жұмыстары Хорватия, Корея, Чехия елдерінде басталды. Облыста қысқы спорт түрлері басым болып табылатындықтан, 2025 жылғы қаңтарда Турин қаласында қысқы Универсиадаға және 2025 жылғы ақпанда Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындарына қатысу үшін шаңғы жарысы, биатлон және шорт-трек бойынша спортшыларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету қажет», – деп түйіндеді Ардақ Төлендин.