Ақмола облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Жаңа мектептер, балабақшалар мен жатақханалар салуға ерекше назар аударылып отыр. Биыл 15 мектептің құрылысы қолға алынған, онда бір ауысымда 14,5 мың оқушыны қабылдауға мүмкіндік бар. Оның ішінде 8 400 жаңа орынға есептелген 7 нысан аяқталды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Оның айтуынша, шет аймақтарды дамыту бағдарламасы аясындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Қосшы қаласында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Алдағы айларда Біржан сал ауданы Бұланды, Сандықтау ауданының Петровка  ауылында және Целиноград ауданының Жаңажол ауылында тағы 80 орындық үш мектеп аяқталады. Объектілерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі, қажетті жабдықтар әкелінеді және аумақ абаттандырылады. Жалпы дайындық деңгейі 75-80 пайызды құрайды.

Бұдан басқа, 2025 жылы өңірде екі ірі нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде Бестөбе кентіндегі 300 орындық мектеп және Көкшетаудағы 588 орындық мектеп-интернат бар. Бұл жобалар білім беру инфрақұрылымы Қорының қолдауымен іске асырылып жатыр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында 12 200 орындық 9 оқу орнының құрылысы жоспарланған, бұл орын тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге айтарлықтай септігін тигізеді. Целиноград ауданының Талапкер, Қараөткел, Ақмол, Қаражар және Қабанбай батыр ауылдарында алты мектептің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Қоянды ауылындағы 2000 орындық мектепті және әрқайсысы 1500 орындық Көкшетаудағы екі ірі мектеп кешенін қоса алғанда, тағы үш нысанның құрылысы аяқталады.

«Осы жоба аясында салынған мектептердің бірқатар маңызды артықшылықтары бар. Олардың ауданы әдеттегі типтік мектептерден 15-20% артық, ал техникалық жабдықтар стандарттан 4 есе артық. Ірі мектептерде бірнеше спорт залдары, сондай-ақ озық STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореографиялық залдар мен демалыс аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар, әр қабатта ауыз су бұрқағы орнатылады, ал әрбір оқушы үшін жеке заттарға арналған шкаф көзделеді», — деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, қосымша оқу нысандарын жобалау жұмыстары жалғасын табуда. Келесі жылы бірнеше мектептер мен қосымша ғимараттар салынады. Атап айтқанда, Аршалы кентінде 120 орындық мектеп, Атбасар қаласында 600 орындық мектеп, ал Щучинск қаласында 300 оқушыға арналған №1 гимназияға қосымша орын пайда болады. Сондай-ақ Қажымұқан ауылында 600 орындық және Целиноград ауданы Ақмешіт ауылында 80 орындық мектеп салу жоспарда бар.

Бұдан бөлек, осы жылдың қыркүйек айында Көкшетауда екі жаңа балабақша құрылысы аяқталды. Олардың бірі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 166 орынға есептелген және емдік дене шынықтыру залы, дефектологтар, психологтар мен логопедтерге арналған кабинеттерді қоса алғанда, балалармен сабақ өткізуге арналған арнайы үй-жайлармен жабдықталған. Нұрлы көш шағын ауданында 280 орындық екінші балабақша салынды, онда бірегей архитектуралық стилі, сондай-ақ музыкалық және гимнастикалық залы бар.

Алдағы жылы облыста 840 орындық үш жаңа балабақша салынады. Олардың бірі – сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналғаны Көкшетауда, қалған екеуі Целиноград ауданының Қараөткел ауылында және Қосшы қаласында орналасатын болады.

Өңірде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де үнемі назарда.

«Көкшетауда оқу орындарының студенттерін тұруға қолжетімді орындармен қамтамасыз ету үшін 900 төсек-орынға арналған үш жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Жоғары техникалық колледжге арналған бір жатақхананың құрылысы аяқталды, ал екіншісі аяқталуға жақын. Бұған қоса, Ақана сері атындағы мәдениет колледжінде жатақхананың құрылысы жүргізілуде», — деп толықтырды Азамат Байқуанышев.

Осылайша, Ақмола облысында білім беру мекемелерін салу бойынша ауқымды жобалар белсенді іске асырылуда, бұл мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы проблемаларын шешуге, сондай-ақ студенттердің оқуы мен тұруы үшін сапалы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.