Ақмола облысында орман қорын кеңейту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. 2021 жылдан бастап 56,2 млн ағаш отырғызылды, ал 2027 жылға қарай жасыл желекті 95 млн ағашқа ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа орман питомниктері мен орман шаруашылығын жабдықтау биоәртүрлілікті сақтауға және экологияны жақсартуға көмектеседі.
«Ақмола облысының орман қорын ұлғайту үшін соңғы жылдары 8,7 мың гектардан астам алқапқа 56 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Алдағы жылдары жасыл аймақтарды кеңейту жоспарланған, оның ішінде 2025 жылдан 2027 жылға дейін 15 мың гектар алқапқа 95 миллион ағаш отырғызу көзделген», – деді Джанет Микишев.
Брифингте айтылғандай, өңірде көшеттердің қажетті санын қамтамасыз ету үшін Зеренді және Атбасар аудандарында жалпы аумағы 86 гектар болатын екі жаңа орман питомнигін құру жоспарланған.
«Бүгінде облыста жалпы ауданы 175 гектар болатын 13 орман питомнигі жұмыс істейді, онда орман шаруашылығы мен табиғи ресурстарды қалпына келтіру үшін көшеттер өсіріледі. Бұдан басқа, «Семей орманы» резерватының базасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи орман тұқымы кешенін құру жоспарланған. Бұл орман қорын кең ауқымда қалпына келтіру үшін қажетті жоғары сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге көмектеседі», – деп толықтырды Джанет Микишев.
Өңірде орман өрттерін алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Тоғыз шағын орман патрульдік кешен сатып алынды. Бұдан басқа, өрт сөндіру машиналары, тракторлар және шағын орман патрульдік кешендер сияқты 84 бірлік техника сатып алуға өтінім жолданды.
Сонымен қатар, облыста биоалуантүрлілікті қолдау және табиғи ресурстарды сақтау үшін балық және аңшылық шаруашылықтары дамуда. Ол үшін аңшылық алқаптарды бекітуге конкурстар өткізіледі және су айдындарын пайдалану кеңейтіледі.
«Ақмола облысы балық аулау және аңшылық ресурстарын басқаруға баса назар аудара отырып, биоәртүрлілікті белсенді қолдайды. Облыс аумағында 610 су айдыны бар, оның 243-і көл – тауарлық балық өсіру үшін, 159-ы кәсіпшілік үшін, ал 11-і әуесқой балық аулау үшін бөлінген. Бұл өңір тұрғындары мен қонақтарына экологиялық қауіпсіз жағдайда балық аулауға мүмкіндік береді, сондай — ақ ауылдық аудандардың дамуына үлес қосады», – деп түйіндеді Жанет Микишев.
Айтуынша, облыста 161 аңшылық шаруашылығы тіркелген, оның 139-ы аңшылық пайдаланушыларға бекітілген, бұл 10,9 млн гектар аумақты қамтиды. Биыл аңшылық алқаптарды бекіту бойынша екі конкурс өткізіліп, облыстың жануарлар ресурстарын реттеу мен тұрақты басқаруға ықпал етті.