Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров еліміздегі электр энергиясының тапшылығына, көмір станцияларының қоршаған ортаға әсеріне және АЭС-тың өзге энергия көздерінен артықшылығына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазірдің өзінде Қазақстанда 112 млрд кВт-сағат электр энергиясы өндіріліп жатыр. Ал 2035 жылы 152 млрд қажет деп отыр. Қазір мемлекетімізде баланс бар. Бірақ болашақта электр энергиясы тапшылығы болады деген болжам да бар. Бұл күнделікті өмірден көрініп те тұр, — деді депутат. 

Мұқаш Ескендіров Қазақстанның негізгі төрт аймағынан электр энергиясы тапшылығы өзі туған оңтүстік өңірде сезіліп жатқанын баса айтты. 

Оңтүстік өңір дегеніміз бұл – Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Шымкент,  Жамбыл облысы, Алматы облысы, Жетісу облысы. Осының барлығы мынау энергетиктердің географиясында оңтүстік аймақ деп есептеледі. Қазір бір сағатта оңтүстікте тұтынып жатқан электр энергияның көлемі 4,5 миллион кВт-сағат. Ал өндіретін электр энергия көлемі – 2 миллион 100 мың кВт-сағат қана. Яғни оңтүстікте қажет электр энергияның тек 40 пайызын өндіріп жатырмыз, — деді Мәжіліс депутаты.

Ол оңтүстік өңір жетпеген энергияны солтүстіктен алып жатқанын жеткізді. 

Жетпеген электр энергияны қазір солтүстіктен алып жатыр. Бірақ оның да өткізетін көлемі шектеулі. Сондықтан қазіргі кезде әсіресе оңтүстікте тұрақты энергия көзі салынуы керек. Бүгін емес, Кеңес Одағынан бері осы оңтүстікте біз энергия тапшылығын сезініп келеміз. Сондықтан, АЭС салу еліміздің болашағына, экономикамыздың тәуелсіздігіне керек деп ойлаймын, — деді ол.

“Алматы айналасында миллиондаған тонна күл жатыр”


Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров көмір электр станцияларының қоршаған ортаға зиянына да тоқталды. 

Қазір электр энергиясының 70 пайызын көмір станциялары шығарып жатыр. Қалған электр энергиясын газ, одан кейін су және жел, күнмен істейтін станциялар өндіреді. Көмір станцияларына қазірден бастап шектеулер қойылып жатыр. Себебі олардың электр энергия шығарған кездегі технологиясының барлығы лас. Атмосфераға, жерге көптеген зиянды қалдықтар шығарып жатыр, — деді ол. 

Ескендіров көмірден шығатын қалдық көлемін түсіндіру үшін ауылдық жерде жағылатын көмірді мысалға алып, бір шелек көмірден жарты шелек күл шығатынын айтты. Содан соң Алматы қаласының айналасындағы экологиялық жағдайды жеткізді. 

Алматы қаласының барлық жылу мен электр энергиясы көмірмен жұмыс істейтін станциялардан алынып жатыр. Алматының айналасында миллиондаған тонна жиналған күл бар. Күл дегеніміз – жаңағы көмірді жаққанда шыққан қалдықтар. Ол – атмосфераға жіберіліп жатқан миллиондаған тонна көміртегі, азот, көрік тотығын айтпағанда, — деді депутат.

АЭС артықшылығы неде?

Мұқаш Ескендіров атом электр станциясы салынатын болса, атмосфераға шығарылатын қалдықтардың көлемі 7 миллион тоннаға дейін азаятынын айтты. Ал баламалы энергия көздері тұрақсыз энергия екенін жеткізді. Атом электр станциясы – 24 сағат бір қуатпен төмен түспей, жоғары көтерілмей, тұрақты жұмыс істейтін энергия көзі. Бізге тұрақты энергия көздері керек. Ал көмірді жаға алмаймыз, газымыз жетпейді. Су электр станциясына Ертістен басқа үлкен өзеніміз жоқ. Ол жерде 3 станциямыз бар. Қазір тағы біреу салынайын деп жатыр. Содан бітті. Енді не қалды? Тек атом электр станциясы, — деді Мәжіліс депутаты.