ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы Созақ ауданы уран өндірісімен көпшілікке танымал. Бүгінде бетпақдаладан шығып жатқан өнімге деген әлем елдерінің қызығушылығы да жоғары. Агенттік тілшісі Созақ ауданында болып, уран өндірісімен танысып келді.

Шымкенттен шыққан көлік 5 сағат жол жүріп, «Қаратау» руднигіне келіп тоқтады. Қақпадан арнайы күтіп алған қауіпсіздік бөлімінің басшысы ережелерді түсіндіріп, ішке алып өтті. Өндіріс орнының формасын киіп, көзілдірік пен маска тақтық. Каска мен қолғабымыз да бар. Аяқта етік. Содан бетпақдаладағы тіршілікпен танысуды бастап кеттік.

Күніне 15 келі өнім

Уран 650-700 метр тереңдіктен алынады. Ол үшін арнайы ұңғымалар қазылған. Қаратау руднигіндегі 7 500 гектар алқапта дәл қазір 1 500-ден астам ұңғыма жұмыс істеп тұр. Баршасы бір-бірімен байланыстырылған. Жер астынан алынған өнім, құбырлар арқылы ашық аспан астында жасалған бассейнге жіберіледі.

«Технологиялық ұңғымалардың екі түрі бар. Бірі жер астындағы қатты уранды күкірт қышқылы арқылы сұйықтыққа айналдырса, екінші ұңғыма сол сұйық өнімді сорып алады. Бұл жұмыстар автоматты жағдайда атқарылады, яғни жер бетіне уран жабық жағдайда көтеріледі. Экологиялық жағынан және өнімділік тұрғысынан қарағанда, бұл — ең тиімді әдіс. Содан насос арқылы тұндырғыш бассейнге жинаймыз. Барлық процес жабық жағдайда өтеді», — дейді «Қаратау» ЖШС-нің геотехнологиялық алаң басшысы Нұржан Қалдыбеков.

Өңдеу цехында өнім ерітінділерден ажыратылады. Ал, аффинаж цехында уран оксиді түрінде дайын өнім шығарылады. Тұндыру, сүзу, қыздыру процестерінен өтеді. «Уран кені концентраты» стандартына сәйкес келетін уран оксиді (U3O8) алынғанға дейін 850 градустық ыстықта қыздырылады. Содан қоймаға жіберіледі. Онда уран оксиді тауарлық-орау контейнеріне құйылып, сертификатталады. Осылайша кеніште күніне 16 келіден астам өнім дайындалады. Ал, жылына 3 200 тонна уран өндіріледі.

Геотехнологиялық алаң басшысы Нұржан Қалдыбековтың компанияда жұмыс істеп келе жатқанына 16 жыл болған. Оқу орнын бітірген соң, бірден оператор болып қызметке орналасыпты. Кейін шебер, ауысым бастығы, полигон бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Арасында білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырды. Тәжірибесін шыңдады. Қазір Нұржан ең күрделі учаскелердің бірі – уран тікелей өндірілетін геотехнологиялық полигонды басқарады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жүйесінде «Қаратау» — алғашқылардың бірі болып технологиялық процестерді автоматтандырған рудник. Бұл кәсіпорынға қауіпсіздік техникасын түбегейлі жақсартуға және өндірістік жарақаттануды болдырмауға, сондай-ақ зиянды өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылардың денсаулығын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, уран жер астында өндірілетіндіктен жер беті өзгеріссіз қалады және ландшафттың бұзылуына және қалдық қоймаларының пайда болуына жол берілмейді. Кәсіпорынның дайын өнімі — уран оксиді. Бұл өз кезегінде қауіпсіз тасымалдауға жарамды уранның зиянсыз түрі болып табылады», — дейді Нұржан Қалдыбеков.