НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституцияның республикалық референдумға шығарылатын жерге қатысты жаңа тұжырымы кейін заңды әркелкі тәпсірлеуге жол бермейді. ҚР Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов осындай пкірі білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Конституциядағы жерге және жер қойнауына қатысты меншік мәселесі туралы баптың тұжырымы келешекте әркелкі тәпсірлеу ықтималдығын жояды. Жер — біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізі болуға тиіс. Сондықтан Президент бұл мәселеге нүкте қоюды жөн көріп отыр. Бұл — қалыпты процесс. Мемлекет жер қойнауының тиімді бөлініп, тиімді игерілуін бақылайды. Жер мен жер қойнауын мемлекеттің басқаруы Қазақстан халқына әлеуметтік жәрдемақы, тұрғын үй бағдарламасы, инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту бағдарламалары сияқты игіліктер әкеледі», — дейді депутат. Оның айтуынша, конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған тежемелік әрі тепе-теңдік жүйе Президенттің өкілеттігін әлсірету арқылы Парламенттің өкілеттігін күшейтеді. «Заң қабылдаудың жаңа рәсімі енгізіледі. Заңды Парламент Мәжілісі қабылдайды, ал оны іске асыратын депутаттар саяси бәсеке негізінде сайланады. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылады. Конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады», — деді Ғалымжан Елеуов. Сондай-ақ, ол референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер халық тарапынан қолдау тапса, Мәжілістің бақылау функциялары күшейтілетінін айтады. «Конституциялық сот шешім қабылдаған күннен бастап немесе ол белгілеген күннен бастап конституциялық емес деп танылған актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды. Конституциялық соттың мұндай моделі көптеген дамыған елдерде бар және заңның үстемдігін орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Конституциялық сотқа жүгіну құқығын Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл алады. Конституциялық соттың өзі 11 судьядан тұрады. Оның ішінде Президент Сенаттың келісімімен тағайындайтын төраға болады. Төрт судьяны Президент тағайындайды, алты судьяны Парламент, әр палата үш-үштен тағайындайды», — деді Мәжіліс өкілі. Бұған дейін тағы бір Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев референдум Сенаттың ықпалын азайтып, Мәжілістің рөлін арттырады деу қате деген пайым айтқан болатын.https://www.inform.kz/kz/konstituciyada-zherge-katysty-zhana-tuzhyrym-keyin-zandy-arkelki-tapsirleuge-zhol-bermeydi-deputat_a3935022 Навигация по записям Референдумда әр азаматтың дауысы маңызды – Президент Следующая запись