Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің еңбек ұжымымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Іс-шараға «Әділет» партиясының белсенділері — Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейтқасымов, мәдениет саласының көрнекті қайраткері Айгүл Сәбитова, Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Құралай Жұмабекова және «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Султанбек Бекешев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер мен маңызды бастамаларды кеңінен түсіндіру, олардың елдің және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын талқылау.

Жиында Ақмола облысына қатысты Жолдауда көтерілген мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ет кластерін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Көкшетау — Петропавл автомобиль жолын кеңейту жөніндегі тапсырмасының өңір үшін маңызы атап өтілді. Аталған жобаның жүзеге асырылуы көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге, өңіраралық байланысты нығайтуға және облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Ақмола облысы — еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және білікті мамандар даярлау аса маңызды. Мемлекет басшысы Жолдауында айқындалған міндеттер білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтуды талап етеді. Сондықтан еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлуіміз қажет», — деді Аманбай Сейтқасымов.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мәселелері де талқыланды.

Өз кезегінде Айгүл Сәбитова мәдениет саласын дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шығармашыл жастарды қолдау мәселелеріне тоқталып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы айтты.

«Мемлекет басшысы жариялаған Жалпыұлттық құрылыс жылы өңірлердің әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Көкшетау қаласында жаңа қазақ музыкалық-драма театрының ашылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бурабайдағы Promenade Burabay аумағында жалпы ауданы 13 мың шаршы метрге жуық көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Мұндай ауқымды жобалар өңірдің мәдени және туристік әлеуетін арттыруға, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге, шығармашыл жастардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарын жаңғырту, жас таланттарды қолдау және ұлттық өнерімізді дәріптеу де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді», – деді Айгүл Сәбитова.

Ал Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Құралай Жұмабекова отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды қолдау және балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Алты баланы дүниеге әкеліп, 16 баланы бауырына басқан Құралай Жұмабекова бала тәрбиесіндегі жеке тәжірибесімен бөлісіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

«Отбасы — қоғамның басты тірегі, ал бала — еліміздің болашағы. Әрбір бала мейірімге, қамқорлыққа және бақытты балалық шаққа лайық. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыру барысында ана мен баланы қорғауға, отбасыларды қолдауға және қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлу қажет. Әр баланың отбасында тәрбиеленіп, сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені берекелі отбасы — тұрақты әрі өркендеген қоғамның негізі», — деді Құралай Жұмабекова.

Султанбек Бекешев жастар саясатын дамыту, жас мамандарды жұмыспен қамту, олардың кәсіби әлеуетін арттыру, қоғамдық белсенділігін күшейту және жастардың бастамаларын қолдау мәселелеріне тоқталды.

Кездесу соңында колледждің еңбек ұжымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді өңір деңгейінде жүзеге асыру жолдары жөнінде пікір алмасты.