Көкшетау қаласының тұрғыны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Kaspi Магазин сатушысына қатысты шағыммен жүгінді.
Өтініш беруге құны 15 000 теңге тұратын сатып алынған балалар телескопы үшін ақшалай қаражатты қайтарудан бас тарту себеп болды.
Тауар Kaspi Магазин арқылы сатып алынған және сатып алғаннан кейін 13-ші күні тексеру мақсатында қаптамасы ашылған. Тексеру барысында тұтынушы телескоптың пайдалануға жарамды кескін алуға мүмкіндік бермейтінін анықтаған. Осыған байланысты тауар сатушыға қайтарылған, алайда бастапқыда ақшалай қаражат тұтынушыға қайтарылмаған. Кейін сатушы тауар мен қаптаманың зақымдалғанын алға тартып, ақшаны қайтарудан қайта бас тартқан.
Тұтынушы Департаментке тауарды ашу барысы түсірілген бейнежазбаны, фотосуреттерді, сатушымен хат алмасуды, сондай-ақ сатып алу және тауарды қайтару рәсімделгенін растайтын құжаттарды ұсынды.
Өтінішті қарау барысында Департамент тарапынан тұтынушыға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 15 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат тұтынушыға толық көлемде қайтарылды.
Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда және еске салады: даулы жағдайлар туындаған кезде тұтынушылар консультация алу және өздерінің заңды құқықтарын қорғау үшін Департаментке жүгіне алады.