
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында азаматтардың цифрлық ортадағы жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аудару қажет.
Мұндай пікірді ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының заңнаманың тиімділігі мәселелері бойынша талдамалық жұмыс бөлімінің ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Абдукадыров Нурдаулет Муратович білдірді.
Оның айтуынша, интернет кеңістігінің дамуы ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік бедел, өз бейнесіне құқық және жеке өмірге қол сұғылмаушылық сияқты құқықтарды қорғаудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Өйткені желіде жарияланған ақпарат қысқа уақыт ішінде кең таралып, бастапқы жазба өшірілгеннен кейін де сақталуы мүмкін.
Осыған байланысты жаңа Азаматтық кодексте шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығару, адамның бейнесін келісімінсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті белгілеу, дербес деректерді заңсыз жариялау және келтірілген моральдық зиянды өтеу мәселелері нақты құқықтық реттелуі тиіс.
Сонымен қатар спикер жеке құқықтарды қорғау кезінде сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығының сақталуы маңызды екенін атап өтті. Заңнамалық тетіктер азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласуға да, адал сын мен қоғамдық маңызы бар ақпаратты шектеуге де жол бермеуі керек.
Нурдаулет Абдукадыровтың пікірінше, жаңа Азаматтық кодекстің басты міндеттерінің бірі – бұзылған құқықтарды формалды түрде мойындаумен шектелмей, оларды іс жүзінде қалпына келтіруді қамтамасыз ететін заманауи әрі тиімді құқықтық тетіктерді қалыптастыру.
