Биылғы күрделі ауа райына қарамастан, Ақмола облысының диқандары мол өнім жинап, республика бойынша көш бастады. Өңірде 4,5 млн гектар алқаптан 6,3 млн тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерді құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс елімізде бірінші орынға шықты.

Ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

Биыл аграршылар үшін егін жинау науқаны оңай болған жоқ. Өңірде 45 күн бойы аптап ыстық пен қуаңшылық сақталып, жазғы жауын-шашын мөлшері нормадан 34%-ға төмен болды. Соған қарамастан, жиналған бидайдың 90%-ға жуығы үшінші сыныпқа сәйкес келеді. Ал шамамен 70%-ы жоғары ақуызды Hi-Pro санатына жатады.

Майлы дақылдар өндірісінде де тарихи көрсеткіш тіркелді. Биыл облыста рекордтық 839 мың тонна майлы дақыл тұқымы жиналды. Соңғы үш жылда олардың егіс көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайды.

Мал шаруашылығында да өсім бар. Жылдың алғашқы 10 айында саладағы өндіріс көлемі 4,9%-ға артып, 350 млрд теңгеден асты. Өңірде асыл тұқымды мал өсіру, бордақылау және ет өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін ірі кластер құру жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы үш жылда 5,8 мың басқа арналған алты ірі сүт-тауар фермасы іске қосылды. 2028 жылға дейін тағы алты ферманың құрылысын аяқтау жоспарланған.

Аграрлық саланы дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түрінде 325 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 80 млрд теңгеге көп. «Кең Дала — 2» бағдарламасы арқылы 948 шаруашылық қаржыландырылды.

Алдағы уақытта өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорт нарығын кеңейту және техникалық паркті жаңарту жұмыстары жалғасады.