Жолдауға — қолдау

Президент Жолдауы жүктеген міндеттер және Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, білім грантын иеленген жас сарбаздың жетістігі
Елдің қуаты — экономикасының дамуымен ғана емес, оның тәуелсіздігін қорғайтын азаматтарының парасатымен, патриоттық рухымен және жауапкершілігімен де өлшенеді. Өйткені мемлекеттің болашағы — Отанын сүйетін, ел мүддесін бәрінен биік қоятын, білімді де тәртіпті ұрпақтың қолында. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі даму кезеңінде жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойында азаматтық жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыру айрықша маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап, ұлттық егемендікті нығайту, қоғам бірлігін сақтау, адами капиталды дамыту және жауапты азамат қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент атап көрсеткен бұл міндеттер ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік жүктейді.
Шын мәнінде, Отанға қызмет ету тек белгілі бір мамандықпен немесе мемлекеттік қызметпен шектелмейді. Ол — өз міндетіңді адал орындау, ел тыныштығын сақтау, білім алып, қоғамға пайда келтіру және қажет кезде туған жеріңді қорғауға дайын болу. Осы тұрғыдан алғанда, әскери қызмет — жас азаматтың бойында осындай қасиеттерді қалыптастыратын маңызды өмір мектебі.
Қазақ халқы қашанда елін, жерін қорғаған ерлерін құрметтеп, батырларын ардақтаған. Халқымыздың біртуар перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Өз елін сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» деген қанатты сөзі әрбір жас жүрекке рух беріп, отансүйгіштік сезімді оятады. Туған елінің тыныштығы мен болашағы үшін қызмет ету — нағыз азаматқа тән қасиет.
Осындай жалынды жастардың бірі — жақында әскери міндетін абыроймен атқарып, туған шаңырағына аман-есен оралған, сонымен қатар жоғары оқу орнының мемлекеттік білім грантын жеңіп алған жерлесіміз Мағжан Саматұлы Телжанов.
Мағжан Саматұлы Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылында орналасқан 44813 әскери бөлімінде әскери қызметін өтеді. Оның әскери борышын үлгілі атқарып, мемлекеттік грант иегері атанғаны жөнінде Бұланды және Біржан сал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының бастығы, капитан Солтан Аңсаған қуанышпен хабарлады.
Жас жерлесіміз еліміздің беделді жоғары оқу орындарының бірі — Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің мемлекеттік грантын жеңіп алып, қазіргі таңда сұранысқа ие сәулет өнері мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік алды.
Бұл — тек бір жастың жеке жетістігі ғана емес, әскери қызмет пен білім беру мүмкіндіктерін ұштастырған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Мағжан үлгілі сарбаз ретінде «Срочники 2.0» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы атанды. 2023 жылы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама мерзімді әскери қызметін өтеген жастарға жоғары білім алуға жаңа мүмкіндік береді. Әскери қызмет барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен сарбаздар жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ, әңгімелесу нәтижесі бойынша түсуге үміткер бола алады. Жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендерге мемлекеттік білім гранты ұсынылады. Сонымен қатар білім алушылар жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Үміткерлерді іріктеу ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған «Сарбаз» цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бастама әскери міндетін абыроймен атқарған азаматтарға білімін жалғастырып, болашақ мамандығын игеруге жол ашады.
Президент Жолдауында көтерілген цифрлық трансформация мен технологиялық даму мәселелері тұрғысынан қарағанда, мұндай бастамалардың да маңызы зор. Себебі заманауи мемлекетке тек отансүйгіш азаматтар ғана емес, жаңа технологияны меңгерген, кәсіби білімі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар да қажет. Ал Мағжанның әскери қызметтен кейін сәулет өнері саласында білім алуға қадам басуы — ел дамуына өз үлесін қосуға бағытталған маңызды таңдау.
Жағдайдың мән-жайын білу үшін біз Мағжанмен аудандық Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімде кездестік. Қасында әкесі де болды. Әңгіме барысында жас сарбаз бұл бағдарламаның отбасы үшін үлкен қуаныш әрі зор қолдау екенін атап өтті. Оның айтуынша, әскери қызметтен кейін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болу – үлкен ынталандыру. Ал әкесі мұндай мемлекеттік бастамалардың ата-аналарға сенім ұялатып, балаларының болашағына деген үмітін арттыратынын жеткізді.
44813 әскери бөлімінің жеке радиолокациялық ротасында аға маман (жүргізуші-оператор) қызметін атқарған ефрейтор Мағжан Телжанов әскери қызмет барысында өзін сауатты, тәртіпті, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары сарбаз ретінде көрсете білді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап қана қоймай, әскери тәртіпті сақтауда, ұжыммен жұмыс істеуде және кәсіби шеберлігін жетілдіруде ерекше белсенділік танытты.
Қызмет барысында Мағжан дербестігімен, талапшылдығымен және жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Әскери істің қыр-сырын меңгеруге деген құлшынысы мен білімге деген талпынысы оның әрдайым алдыңғы қатардан көрінуіне мүмкіндік берді. Ол жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, өзінің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіруге күш салды.
Бөлім басшылығы оның сабырлы мінезіне, адамгершілік қасиеттеріне және қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдай алатын қабілетіне ерекше баға берді. Әскери ұжымда сыйлы болған Мағжан жолдастарына көмек көрсетуге әрдайым дайын жүретін, өз ісіне адал, тәртіпке берік жауынгер ретінде танылды.
Әскер – тек қару ұстауды үйрететін орын емес. Ол — тәртіптің, жауапкершіліктің, төзімділіктің, достықтың және отансүйгіштіктің мектебі. Әскери қызметтен өткен жас азамат уақыттың қадірін түсініп, өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Ең бастысы, ол ел алдындағы азаматтық борышының мәнін терең сезінеді.
Президент Жолдауында айтылған «Жауапты азамат» тұжырымдамасының негізгі мәні де осында жатыр. Жауапты азамат – өз құқығын ғана емес, міндетін де білетін, қоғам алдындағы парызын сезінетін, елдің дамуына нақты ісімен үлес қосатын тұлға. Мұндай азаматтың қасиеттері әскери қызмет барысында да айқын көрініс табады. Өйткені әскери орта әрбір сарбаздан тәртіпті, ұйымшылдықты, табандылықты және ортақ іске адалдықты талап етеді.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің берік ұстанымына айналдыру қажеттігін де атап өтті. Бұл талап әскери қызметтің табиғатымен де үндеседі. Әскердегі тәртіп — жауынгерлік даярлықтың негізі, ал әрбір әскери қызметшінің өз міндетіне адалдығы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Сонымен қатар Президент айқындаған жаңа тарихи кезеңнің басты міндеттерінің бірі – бәсекеге қабілетті, білімді және технологиялық тұрғыдан дамыған ұлт қалыптастыру. Осы мақсатта жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың қабілеті мен әлеуетін ашуға мүмкіндік беру ерекше маңызды. «Срочники 2.0» бағдарламасы осы бағыттағы нақты қолдау тетіктерінің бірі деуге болады.
Мағжанның тағдыры – әскери қызмет пен білімнің бір-біріне кедергі емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын құндылықтар екенін көрсететін жарқын мысал. Ол Отан алдындағы борышын орындап қана қоймай, өміріндегі жаңа белеске қадам басты. Ендігі міндеті — жоғары білім алып, таңдаған мамандығының білікті иесі атану, алған білімін ел игілігіне жұмсау.
Сәулет өнері – елдің келбетін қалыптастыратын, қалалар мен елді мекендердің болашағын айқындайтын маңызды сала. Президент Жолдауында инфрақұрылымды жаңғыртуға, құрылыс саласын дамытуға, өңірлердің әлеуетін арттыруға басымдық берілгені де белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Мағжан таңдаған мамандықтың ел дамуының стратегиялық міндеттерімен де сабақтастығы бар. Бүгінгі жас студенттің ертең білікті сәулетші болып, туған елінің өркендеуіне үлес қосуы — үлкен үміт.
Бүгінде Қазақстан армиясының қатарында қызмет етіп жүрген әрбір сарбаз ел тыныштығы мен тәуелсіздігінің күзетінде тұр. Олар – бейбіт өмірдің кепілі, мемлекетіміздің қорғаны. Сондықтан әскери қызметке деген құрмет пен Отан қорғаушыға деген сенім әрдайым жоғары болуы тиіс.
Қазақтың баһадүр бабалары ғасырлар бойы ұлан-ғайыр даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалды. Сол батырлардың асыл мұрасын жалғастырып келе жатқан бүгінгі сарбаздар да ел сенімін ақтауға лайық. Ал Мағжан секілді жастардың қатары көбейген сайын еліміздің адами әлеуеті артып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілеті де нығая түспек.
Бір жылдары әскери сапта тұрып, Отан алдындағы борышын өтеген жас азаматтың бүгінде білім жолына түсіп, болашағына нық қадам басуы – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге. Мұндай жетістіктер жастарға әскери қызметтің тек міндет қана емес, өмірлік тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды кезең екенін ұғындырады.
Президент Жолдауында айқындалған жаңа тарихи кезеңнің жауапкершілігі де осындай азаматтардың мойнында. Себебі күшті мемлекет құру үшін елін қорғайтын батыл сарбаз да, оны өркендететін білімді маман да қажет. Ең бастысы, осы екі қасиет бір азаматтың бойынан табылғанда, Отанның ертеңі одан әрі жарқын болмақ.
Иә, елін сүйген ерлер барда, білімге ұмтылған жастар барда, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болары анық. Қазақ әскері арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, жүрегі Отан деп соққан осындай азаматтардан құралса, ел қорғаны мығым, мемлекетіміздің келешегі кемел болмақ!
Отанға қызмет ету — абырой, білім алу — болашаққа жол, ал екеуін де ел игілігіне арнау — нағыз азаматтықтың белгісі.