
Алдағы сайлау – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Мұндай кезеңде қоғамның барлық саласында жауапкершілік артып, азаматтардың ақпаратқа деген сұранысы күшейеді. Сондықтан әрбір тұрғынның тек ресми және сенімді дереккөздерге сүйеніп, болып жатқан үдерістерге байыппен қарауы ерекше мәнге ие.
Сайлау – демократиялық үдерістің ажырамас бөлігі. Ол мемлекеттік институттардың тұрақты жұмыс істеуіне, қоғамдық сенімнің нығаюына және заң үстемдігі қағидаттарының сақталуына ықпал етеді. Осындай маңызды науқан кезінде ашықтық, жариялылық және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы қоғамның басты құндылықтарының бірі болып қала береді.
Бүгінде ақпарат кеңістігі өте қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда сан алуан пікірлер мен мәліметтер таралады. Осындай жағдайда ақпараттық мәдениетті сақтау, тексерілген деректерге сүйену және жалған ақпараттың таралуына жол бермеу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бұл үдерістегі рөлі айрықша. Журналистиканың негізгі міндеті – қоғамды нақты, шынайы және теңгерімді ақпаратпен қамтамасыз ету. Редакция ұжымы алдағы сайлау науқанын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жариялап, оқырманға объективті әрі жан-жақты ақпарат ұсынуды басты қағидат ретінде ұстанады.
Еліміздің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімі – ең басты құндылығымыз. Осындай маңызды кезеңде өзара сыйластықты сақтау, құқықтық мәдениетті нығайту және азаматтық жауапкершілікті жоғары қою – ортақ мақсат. Әрбір қоғамдық-саяси науқан елдің бірлігі мен заңға құрмет көрсету мәдениетін одан әрі нығайтуға қызмет етуі тиіс.
Қоғамның дамуы тек мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, азаматтардың саналы ұстанымы мен жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан алдағы сайлаудың заң талаптарына сай, ашық, әділ және ұйымдасқан түрде өтуі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және елдің одан әрі дамуына оң ықпал етеді.
Айгүл Аманжолова, «Bulandy Aqparat» газеттің бас редакторы.
