Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаев тікелей эфирде сайлауалды үгіт-насихаттың аралық қорытындылары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол Астанада өткізілген тығыз құрылысқа қарсы митингтің қорытындыларын шығарды.
Үміткер атап өткендей, 2 апта ішінде сайлауалды штабпен бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Н. Әуесбаев Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында болып, бірқатар ауылдық елді-мекендердің тұрғындарымен кездесті.
Өңірлік сайлауалды штабтар 30 үгіт-насихат іс-шарасын өткізді.
Сондай-ақ, ЖСДП үміткер Республикалық сайлауалды штаб ұйымдастырған тығыз құрылысқа қарсы митингіге қатысты.
Митинг қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда ЖСДП тұрғын үй кешендерімен қатар міндетті түрде балабақшалар, мектептер, ауруханалар, скверлер салуды жақтайтыны көрсетілген.
Қарарда экология, қажетті инфрақұрылым құрылысы, салынып жатқан үйлердің сапасын арттыру қажеттілігі мәселелері көтеріледі.
Сайлау науқаны 21 қазанда басталып, сайлауға бір күн қалғанда, 19 қарашада аяқталады. Бұл күн бүкіл республика бойынша үнсіздік күні болады. Президент сайлауы 20 қарашада өтеді.