
Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне баса мән береді және аталған ұйымды өңірдегі экологиялық сипаттағы мәселелерді шешудің, ұтымды әрі өзара тиімді трансшекаралық су пайдаланудың құралдарының бірі ретінде қарастырады.
Кездесуде Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында айтқан бастамалары шеңберінде талқыланды.
Қазақстанның төрағалығы аясында жүргізілетін жұмыстың басым бағыттарының бірі – цифрлық трансформация және су саласында жасанды интеллектіні қолдану. ЖИ енгізу суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығы да атап өтілді.
Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ашықтық, ынтымақтастық және сындарлы диалог қағидаттарына бейіл екенін нақтылады.
