
Күз — қыс маусымының басталуымен жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттану қаупі дәстүрлі түрде артады.
Аталған инфекциялар ауа-тамшы жолы арқылы жұғады, ұйымдасқан ұжымдарда тез таралады және созылмалы аурулардың өршуімен, пневмония және бронхит асқынуларымен қауіпті.
Тұмау мен ЖРВИ қоздырғышы, белгілері және ауырлық деңгейі бойынша ерекшеленеді: тұмауды А, В, С типті тұмау вирустары қоздырады, ол кенеттен басталып, жоғары қызба мен улану белгілерімен (әлсіздік, қалтырау, дене сырқырау) өтеді. Ал ЖРВИ – әртүрлі вирустар қоздыратын кең топтағы инфекциялар, әдетте жеңіл өтеді, біртіндеп басталады және мұрынның бітуі, тамақ ауыруы, жөтел сияқты белгілер басым болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері мен Қазақстандағы зертханалық мониторингке сәйкес, 2025-2026 жылғы маусымда тұмаудың А/H1N2, А/H1N1pdm09 және В (Victoria) тұмау вирустарының айналымы күтілуде. Эпидемиологиялық маусымның қарқыны орташа деңгейде болады деп болжануда, А/H1N2 штаммының басым болуы ықтимал.
Сонымен қатар вакцинаның құрамына енгізілген штамдар айналымдағы вирустарға сәйкес келеді, бұл оның жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.
Осы жағдайда ең сенімді алдын алу шарасы – екпе болып қала береді.
Ақмола облысы аймағында 20 қыркүйектен бастап Ресейде өндірілген, Қазақстан Республикасында жаппай қолдануға тіркелген «Гриппол плюс» вакцинаcымен халықты тегін вакцинациялау басталады.
Облыс бойынша 84 мыңнан астам адамға екпе салу жоспарланып отыр, бұл ДДҰ ұсынғандай халықтың жалпы санының 10%-ын құрайтын иммундық қабат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Вакцинация тіркелген емханалар мен амбулаторияларда тегін жүргізіледі.
Ерекше назар 6 айдан асқан балаларға, жүктіліктің үшінші триместріндегі әйелдерге, егде жастағы адамдарға, созылмалы аурулары бар науқастарға, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ жабық мекемелердегі балалар мен ересектерге аударылады.
Уақытылы жүргізілген тұмауға қарсы иммундау ЖРВИ-дің жалпы сырқаттанушылығын төмендетіп, асқыну қаупін азайтады және денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Ақмола облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімі.
