Ақмола облысында 2025 жылдың алғашқы алты айындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша қорытынды жасалды. Өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омархановтың айтуынша, жалпы эпидемиологиялық ахуал тұрақты, қауіпті жұқпалы аурулардың күрделі өршуі тіркелмеген. Облыста полиомиелит, дифтерия, безгек, менингококк инфекциясы, туляремия және басқа да аса қауіпті аурулар анықталған жоқ.

Сонымен қатар, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірқатар жұқпалы аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды: дизентериямен ауыру деңгейі екі есе, көкжөтел — 3,1 есе, менингококк инфекциясы — 4 есе азайған. Алайда кейбір аурулар бойынша өсім тіркелген: сальмонеллез — 20%-ға, кене энцефалиті — 2 есе, Лайм ауруы — 2 есе, серозды менингит — 2,5 есе артқан.

Әсіресе, қызылшаға қатысты жағдай ерекше бақылауда. Жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшамен сырқаттанудың 225 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі (92%) екпе алмаған. Вакцинациядан бас тартудың себептері әртүрлі: жас шектеулері, медициналық қарсы көрсетілімдер, ата-аналардың бас тартуы немесе вакцинация мәртебесіне қатысты ақпараттың болмауы.

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында өңірде кешенді алдын алу шаралары жүргізілуде. Олардың қатарында 1 және 6 жастағы балаларға жоспарлы екпе егу, 18 жасқа дейінгі екпе алмаған тұлғаларға қосымша иммундау, сондай-ақ халық арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бар. 2023 жылдың қараша айынан бастап облыста қосымша вакцинация бойынша ауқымды науқан жүргізілуде, оның аясында 15 мыңнан астам адам, соның ішінде 1 жасқа дейінгі сәбилер, жасөспірімдер және медицина қызметкерлері екпе алды.

Бұдан бөлек, биыл 5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің 7 жағдайы тіркелді — олардың барлығы егілмеген балалар. Ал туберкулез бойынша сырқаттанушылық деңгейі 9,4%-ға төмендеген. Перзентханаларда БЦЖ екпесімен қамту 96,2%-ды, ал флюорографиялық профилактикалық тексерулермен — тәуекел тобындағы адамдардың 93%-дан астамы қамтылған.

Сонымен бірге, Сібір жарасы бойынша жағымсыз ахуал сақталуда. Биыл Атбасар ауданында 8 жағдай тіркелген. Барлық науқас Көкшетау қаласының инфекциялық орталығында ем қабылдаған, бір пациент стационарлық емделуін жалғастыруда. Ошақтарды оқшаулау мақсатында барлық мүдделі мекемелердің қатысуымен эпидемияға қарсы және эпизоотияға қарсы шаралар жүргізілді.

Серік Омархановтың айтуынша, санитарлық қызметтер жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыр және эпидемиологиялық ахуалдың кез келген өзгерісіне жедел әрекет етеді. Өңірде халықты, әсіресе балаларды вакцинациялау және инфекциялық ауруларды дер кезінде анықтау мен оқшаулау басымдық ретінде қала бермек.