Ұлтым – басқа, тілім – қазақ

Өркен ауылына жолымыз түскенде, бірлігі мен берекесі жарасқан, ұрпағына қазақтың рухын сіңіріп келе жатқан бір өнегелі отбасымен таныстық. Бұл ата-бабасы тарихи сынақтардан сүрінбей өтіп, қазақ жерінде тамырын терең жайған неміс ұлтының өкілі Андрей мен оның зайыбы Римма Штирдің әулеті.

Осы ауылда бірлік пен татулықтың жарқын үлгісі болып отырған Штир әулетінің отағасыАндрей Адамұлы Солтүстік Қазақстан облысының Баянауыл деген ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі кеңестік саясаттың ұрда-жық сықпытымен сұрапыл соғыс жылдары Қазақстанға депортацияланған. Қоныс аударған жерінде отбасын құрып, келе-келе 11 бала өсіріп, қазақ топырағына тұрақтаған.

Көп балалы әулетте өсіп-өнген, әрі еңбекпен көгерген ата-анасының тәлімді тәрбиесін бойына сіңірген Андрей 1989 жылы татар қызы Риммамен отау құрып, бас қосады. Өзі ауыл шаруашылығы, ал, жары Римма есеп-қисап саласында еңбек етеді. Олар 2002 жылы заманның ағымына қарай тұрмыс жағдайымен көрікті Көкше өңіріне қоныс аударып, бүгінгі таңда зерлі Зерендінің Өркен ауылында қанатын кеңге жайып, өмір сүруде.

Ұлты неміс болғанымен, тілі мен жаны қазақ Андрейдің туған жеріне деген құрметі зор. Ал, адал еңбек – бұл шаңырақтың басты қағидаларының бірі. Үш ұл өсіріп, бүгінде олардан 5 немере сүйіп отырған қадірлі ата-әже қазақтың салт-дәстүрлерін де берік ұстанады және осыны ұрпағының бойына сіңіріп келеді. Отбасында олар тек қазақша сөйлесуді әдетке айналдырған. Өздерінің балалары үйленіп, келін түсіргенде қазақы дәстүр бойынша беташар жасапты, ал, немерелері дүниеге келгенде, қалжа той өткізіпті, Құрбан айт пен Ораза сияқты діни мерекелерді де құрметтеп, ескеріп отырады. Бұның барлығы осы отбасындағы қазақы тәрбиенің айқын көрінісі емес пе?!.

– Балаларым әскер қатарында болып, ел алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен өткеріп келді. Ұлдарымның бәрі елім деп еміреніп, жерім деп жұмылып еңбек ететін азамат болып өсті. Немерелеріміз де кішкентайынан сол тәрбиені көріп отыр, – дейді Андрей Штир мақтанышпен.

Римма апайдың айтуынша, отбасының берекесі әйелдің қолында. Ол келін болып түскен күнінен бастап ауылдың салт-дәстүріне, тіл мен дінге ерекше мән берген.

– Бізді тәрбиелеген үлкендерге алғысым шексіз. Балаларымызға да сол өнегелі тәрбиені үйретуге тырыстым. Қазақ елінде өмір сүріп жатқан соң, қазақтың тілін де, дәстүрін де, салтын да құрметтеу біздің парызымыз, – дейді ол.

Қазақ еліне сіңіп кеткен өзге ұлт өкілдерінің елге, жерге, дәстүрге деген осы бір құрметі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық қой. Штир отбасы еліміздегі этносаралық татулықтың жарқын бір көрінісі деуге келеді. Мұндай өнегелі отбасылар ел ішіндегі бірлікті бекемдеп, болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Тіршілігі тиянақты, жүректері кең, шаңырақтары шаттыққа толы Штир отбасындай әулеттер көбейе бергей…

Нұрсәуле МҰРАТ,
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының
Ақмола облыстық филиалының редакторы.

 Зеренді ауданы.

https://arka-azhary.kz/2025/08/07/%d1%82%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%bc%d0%b4%d1%8b-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d2%a3-%d1%82%d0%b0%d0%bc%d1%8b%d1%80%d1%8b-%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%b5%d2%a3