
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Аршалы ауданына қарасты Жібек-Жолы, Целиноград ауданына қарасты Талапкер және Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылдарына барды.
Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге Есіл және Нұра өзендерінің сағаларындағы дамбалардың, су өткізу құрылыстары мен гидроқұрылымдардың жағдайын тексерді. Сондай-ақ, елордадан 500 метр қашықтықта орналасқан Жібек-Жолы ауылына дейін созылатын ұзындығы 6,5 км бөгеттің құрылысын бақылады. Бұл нысанда80-нен астам техника жұмылдырылып, жұмыстардың 70%-дан астамы аяқталды.
Кейін вице-премьер мен облыс әкімі Қосшы қаласына жақын орналасқан Тайтөбе ауылындағы қорғаныс бөгетін көрді. Ауылда шамамен 7 мың адам тұрады. Бұл бөгет ауылды қар және Нұра бассейні суынан қорғау мақсатында салынған. Мұндағы жұмыстар өткен жылы аяқталған. Қазіргі уақытта қар шығару және қаптарға инертті материал дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев Нұра мен Есіл өзендерінің тоғысындағы Преображенское гидроқұрылымының жағдайымен жәнеТалапкер ауылы арқылы өтетін су бұру арнасының жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты.
Ақмола облысында барлығы 144 су тасқыны қаупі төнген елді мекен бар. Облыс әкімдігінің мәліметінше, көктемгі кезеңге дайындық аясында 175 елді мекенде алдын алу шаралары жүргізілді. Биыл қардың екі есе көп шығарылғаны – 1,2 млн текше метр баяндалды.
__