
«Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының соты республикалық қоғамдық бірлестіктің (РҚБ) жалпы жиналыс хаттамасын жарамсыз деп тану туралы талап-арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Талапкерлер өз талаптарын 2022 жылғы 6 қазандағы РҚБ жиналысының қорытындысы бойынша Ә. және оған жақын адамдар РҚБ-ның басқа мүшелерінің көмегімен бірлестік мүшелерінің дауыс беруінің бейнежазбасын негіздемеге қоса бере отырып, ҚР Орталық сайлау комиссиясына тіркеуге өз еркімен Ә.-нің кандидатурасын беруге ниеттеніп, дауыс беру қорытындысы мен хаттаманы бұрмалап жібергеніне негіздеді.
Жауапкер талаппен келіспеді және талапкердің дәлелдеріне қарамастан, РҚБ мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен көпшілік дауыспен Ә.-ні РҚБ атынан ұсыну туралы шешім қабылданды деп өз ұстанымын талап етті», — деп жазылған ресми мәліметте.
Ресми сайттағы мәліметке қарағанда, республикалық қоғамдық бірлестік атынан президенттікке кандидат ұсыну кезінде бірлестіктің Жарғысына қайшы әрекеттер жасалған.
«Жарғының 33-тармағына сәйкес барлық шешімдер жалпы жиналысқа қатысушылардың жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
Жарғының 31-тармағында, егер оның жұмысына бірлестіктің өңірлік филиалдарының (өкілдіктерінің) жартысынан астамының өкілдері қатысса және жиналысқа қатысушылардың жалпы саны кемінде 40 адамды құраса, жалпы жиналыс заңды деп танылады.
Сотта жалпы жиналыста Ә-нің кандидатурасын ұсынуға – 6 адам, қарсы – 11 адам дауыс бергені анықталды.
Осылайша, жалпы жиналысты өткізу кезінде РҚБ мүшелерінің көпшілігі кезектен тыс президент сайлауында РҚБ атынан кандидат ретінде Ә-нің ұсынылуына «қарсы» дауыс берді.
Сот жалпы жиналыс хаттамасы РҚБ Жарғысының 31 және 33-тармақтарының талаптарына қайшы келеді және шындыққа жанаспайды деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, жалпы жиналысқа РҚБ мүшелері болып табылмайтын және дауыс беру құқығы жоқ адамдар қатысты және дауыс берді», — деп жазады Астана сотының сайты.
Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы 7 қазан күні президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Нұржан Әлтаевтің құжаттары бұрмалану фактісіне тексеріліп жатқанын мәлім еткен еді.
Ал 12 қазанда «Мұқалмас» бірлестігі Нұржан Әлтаевтың сайлауға түсуіне қарсылық білдіріп сотқа жүгінгені хабарланды.