
Қазақстан құрамасы Бакудегі халықаралық олимпиадада үздіктер қатарына енді
Қазақстандық мектеп оқушылары құрамасы экономика пәні бойынша 2025 жылғы Халықаралық олимпиадада (IEO) керемет нәтиже көрсетіп, Бакуде өткен додада алтын, екі күміс және қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап Altainews.kz хабарлайды.
Биылғы олимпиада 20–29 шілде аралығында Әзірбайжан астанасында өтті. Дүниежүзінің 55 елінен 280-ге жуық қатысушы жиналып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік орнады. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания сынды мықты командалар арасында Қазақстан құрамасы ерекше көзге түсіп, әсіресе бизнес-кейс шешу бойынша командалық кезеңде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Олимпиада жеңімпаздары: Батырхан Мұхтархан – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы, алтын медаль; Әділет Абзалиев – NIS Астана, 11-сынып, күміс медаль; Нұрхан Төлеев – NIS Астана, 11-сынып, күміс медаль; Томирис Оспан – Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы, қола медаль; Даниял Арыстан – NIS Астана, 11-сынып, қатысқаны үшін грамота иегері.
Команда жетекшілері ретінде Руслан Мұлдашев («Paradigm Shift» ЖШС қаржы директоры) және Айгүл Қарқұлова (Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары) жұмыс істеді.
Экономика пәні бойынша халықаралық олимпиада — бұл жай ғана жарыс емес. Ол жеке және топтық тапсырмаларды, бизнес-ойындарды, қаржылық жоспарлау мен экономикалық модельдеу міндеттерін қамтитын зияткерлік дода. Қатысушылардан терең дайындық пен аналитикалық ойлау талап етіледі.
Қазақстан бұл олимпиадаға 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің оқушылары 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль иеленіп, интеллектуалды әлеуетімізді нығайтып келеді.
Оқу-ағарту министрлігі өз мәлімдемесінде: «Жас зияткерлерімізді, бапкерлері мен ата-аналарын халықаралық аренадағы еліміздің абыройын асқақтатқан керемет жетістігімен құттықтаймыз!» – деді.
Дамир Омаров