
АСТАНА. KAZINFORM — Ташкент қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Азия және Тынық мұхит чемпионаты өтіп жатыр.Қазақстан самбо федерациясынан мәлім еткеніндей, екі күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар 8 алтын, 5 күміс, 13 қола медальға ие болды.
Атап айтқанда, спорттық самбодан ерлер арасында Жандос Бейсенбаев (64 кг), Арнұр Қуатай (71 кг), әйелдерден Айман Ибрагимова (50 кг), Мәдина Ержан (80 кг) алтыннан алқа тақты. Жауынгерлік самбодан Бақытжан Дүйсембеков (79 кг), Мәди Райхан (98 кг), Жадыра Пайыз (50 кг), әлем чемпионы Нұрила Асанқызы (+80 кг) үздік шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында 470-ке жуық балуан бақ сынап жатқанын жазған болатынбыз.