Парламент Сенатының депутаттары, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі республикалық Халық штабының мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Шиелі ауданына сапары аясында өңірдің ақсақалдарымен кездесіп, атом электр стансасын салудың келешегін талқылады.
«Қазақстанның энергетика саласын дамыту шұғыл шешімдерді талап етіп отыр. Атом энергетикасы – елімізді энергиямен қамтамасыз ету әрі оның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы басты қадам. Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылуы үшін атом электр стансасы қажет. Бүгінгі таңда АЭС бүкіл әлемде қарқынды түрде пайдаланылып келеді және еліміз үшін ең жақсы нұсқаны таңдау – біздің міндетіміз», деді Н.Байқадамов.
Ардагерлер мен аудан тұрғындары Президент Жолдауында айтылған бастамаға қолдау білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сенаторлар ақсақалдармен кездесуден кейін Тұран ауылдық округінің тұрғындарымен пікірлесіп, жасыл энергетиканың артықшылығы мен атом энергетикасын дамыту жоспары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Р.Рүстемов табиғи газды жеткізудегі тұрақсыздық пен оны өндірудің қысқаруы жағдайында атом энергетикасы ел экономикасын дамытудың сенімді көзіне айналатынын жеткізді.
«Атом электр стансаларының құрылысы да жұмыс орындарын ашуға, жаңа технологияны дамытуға және еліміздің тұрақты энергетикалық болашағын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Бұл экономиканы нығайтып қана қоймай, электр қуатының тапшылығын шешудің бір жолы болмақ», деді Р.Рүстемов.