


Қала тазалығы – мәдениеттің өлшемі. Аула мен көшелердің таза болып, жол жиектердің жасыл желекпен көмкерілуі, абаттандырылуы көзді қуантып қана қоймайды, тұрғындар үшін де өте маңызды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көктем мезгілінен бастап жалпықалалық сенбіліктер, экологиялық акциялар өтіп, оған қала тұрғындары атсалысты. Бірақ, жасыратыны жоқ, барша қала тұрғыны жұдырықтай жұмылса, нәтиже одан әрі керемет болар еді. Өйткені, тазалықты сақтау деген ұғым бірегейлікті, ортақ мүдде үшін атқарылған жалпы іс дегенді білдіреді.
Бүгiнгi қаланың сырты келбетін айтсақ, шешiмiн күтiп тұрған iс аз емес. Ең бастысы, бұл өзiмiз тұратын, еңбек ететiн, өзгелерге мақтаныш ететiн қаламыздың тазалығы мен көркі. Қаламызды сырттан өзге бiреулер келiп ластамайды. Қаланы күл-қоқыстардың мекенiне айналдырып жатқан өзiмiз. Күнделікті тазаланатын, яғни кеше ғана қоқыстан арылған жердi бүлдiрмей, таза ұстау мәдениетiн игере алмай жатқан да өзiмiз.
Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп осыдан айтылған емес пе? Қоршаған ортаның тазалығы – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.
«Тазалық – денсаулық кепілі»- демекші, көше тазалығына жауапты қызметкерлердің еңбегін бағалап, түсіністікпен қарау әрбір азаматтың қолынан келетін ізгі істердің бірі екенін ұмытпайық!
А. АМАНЖОЛОВА.
Фото Е. АЛЕКСЕНКО.
