
Ақмола облысындағы елді мекендердің санитарлық тазалығы мен абаттандырылуы – жергілікті әкімдіктердің басым бағыттарының бірі. Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде қоғамдық ұйымдар, бизнес-құрылымдар және мемлекеттік мекемелердің белсенді қатысуымен ауқымды тазалық іс-шаралары өткізіледі.
Бұл жұмыстардың нәтижесі айқын көрінуде. Бей-берекет қоқыс үйінділері азайып, кәсіпкерлер өздеріне тиесілі аумақтарды таза ұстауға ынта білдіруде, ғимараттар мен қоғамдық орындардың жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың қоршаған ортаға деген құрметі артуда.
Алайда, түйткілді мәселелер әлі де бар. Қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениеті, тазалыққа деген көзқарас, ғимараттар мен абаттандыру элементтерінің сыртқы келбеті қажетті деңгейден алшақ. Сенбіліктер мен «Таза бейсенбі» акцияларында коммуналдық қызметтер мен еріктілердің еңбегі кейбір азаматтардың жауапсыздығы салдарынан зая кетіп жатады.
Сондықтан тазалық сақтау қажеттілігін ескертіп қана қою жеткіліксіз – нақты шаралар қабылдау қажет. Мемлекет бұл бағытта белсенді қадамдар жасауда. Жалпы пайдаланымдағы аумақтарды күтіп ұстауға қаржы бөлініп, көше-жол желісін күтіп-ұстаумен айналысатын мердігерлерді анықтау үшін конкурстар өткізіледі. Бәсекелестік жоқ елді мекендерде шаруашылық субъектілерімен меморандумдар жасалады. 2024 жылы мұндай қызметтерді көрсетуге мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға рұқсат берілді.
Дегенмен, мемлекет тарапынан атқарылатын жұмыстар жеткіліксіз, егер азаматтар, бизнес және қоғамдық ұйымдар бұл іске белсене араласпаса. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері, мемлекеттік және әлеуметтік құрылымдар үлгі көрсетуі тиіс.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жауапкершілік шараларын күшейту – құқықбұзушылықтармен күресудің ең тиімді құралдарының бірі. 2024 жылы Ақмола облысының абаттандыру ережелеріне мәслихат депутаттары мен бақылау органдарының бастамасымен өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтар санитарлық нормаларды бұзушыларға толық көлемде санкциялар қолдануға мүмкіндік береді.
Ішкі істер органдары әкімдіктермен бірлесіп рейдтер мен алдын алу шараларын ұйымдастырады. Ғимарат, сауда нысаны, жарнама немесе құрылыс алаңына іргелес аумақ – меншік нысанына қарамастан, оның иесінің жауапкершілігінде екені ескертіледі.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2 және 505-баптарына сәйкес қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылған: – жеке тұлғаларға – 20 АЕК, – шағын бизнес және ҮЕҰ-ға – 30 АЕК, – орта бизнеске – 40 АЕК, – ірі бизнеске – 100 АЕК.
Жыл ішінде қайталанған заңбұзушылықтар айыппұл мөлшерінің екі есеге артуына әкеледі. Полицейлер мен жергілікті әкімдер айыппұл хаттамаларын рәсімдей алады. Барлық айыппұлдар жергілікті бюджетке түсіп, абаттандыру шараларына жұмсалады.
Айта кету керек, айыппұл салу механизмі жеңілдетілген: ол автоматтандырылып, цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылады.
Тазалық – маусымдық шара емес, әр азаматтың күнделікті міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы Ақмола облысының қалалары мен ауылдарын таза әрі жайлы етуге болады.