АСТАНА. ҚазАқпарат – 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға 10101 учаске әзірленді, оның ішінде 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 «Ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілді. 4 қарашадан бастап ел тұрғындарына өздерін тізімнен тексеруге мүмкіндік берілді. Учаскелік комиссиялар өз өкілеттіктері бойынша тізімдердегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарайды, оларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін шешеді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды», — деді ҚР ОСК төрағасы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті.
Сондай-ақ, ОСК басшылығы мен мүшелері барлық өңірлерге барып, аумақтық сайлау комиссияларының, учаскелік сайлау комиссияларының, дауыс беруге арналған учаскелердің дайындығын, барлық қажетті инфрақұрылымның дайындығын тексерген.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне алдағы Президент сайлауына дайындық туралы баспасөз мәслихатын өткізді.