Қазақстан  Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ  2025  жылғы 3 қаңтар күнгі  Ұлт  газеті «Аna tili» газетінің  № 1 санында жарияланған сұхбатын оқығаннан кейінгі туған ой.

                                              * * *   

   Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан әр жылдың қорытындысы мен алдағы міндеттерді өзінің саралап, талдап, айтып беретін жақсы және өте қажетті бір үрдісі қалыптасты. 

    Бүгінгі толассыз ақпараттар ағынының арасында әрине Мемлекет басшысының өзінің айтқан cөзінің бәсі жоғары тұрары бар.

   Былтыр «Egemen Qazaqstan» газеті… биыл «Аna tili» газеті!.. 

     -Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді. 

Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді, -деген Президентіміздің бір ауыз сөзі,  яғни «қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді» деп айтуы қазақ тіліндегі кез-келген үлкенді-кішілі баспасөзге көрсетілген сенім мен  қолдау деп түсіндім.

     Көңіл қуанды! Сол қуанышты көңілмен Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін!

                               * * * 

     Әр жылдың өз ерекшелігі, өз табысы болары анық.  Бұл-заңдылық! Осы бір заңдылық аясында өткен 2024 жыл да әлем үшін де, сол әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де өз ерекшеліктері мен өз табыстары болғаны тағы да анық!

    Анығын айтар болсақ, Жаңа Қазақстанның еншісіне өткен кезеңдердің көптеген, қордаланып қалған тым көптеген қиыншылықтары мен шешілмей қалған мәселелері бұйырды.  

     Соған қарамастан  Президентіміз «былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды» деуіне толық негіз бар. Сол атқарылған қыруар істі әр өңірдің өмірінен айқын тануға болар еді.

   Әрине, өткен жыл оңай болған жоқ. Әсіресе, көктемгі су тасқыны елді де,  ерді ауыр сынаққа салып еді. Су тасқыныңын беті қатты болғанын көз көрді. 

    «Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды»-, делінген Президент сұхбатындағы  осы жайдың толық анықтығын біздің Ақмола облысының жағдайынан да толық аңғаруға болар еді. 

        Бір ғана біздің  Ақмола облысының аумағында су тасқыны кезеңінде алты өңірде төтенше жағдайлар жарияланған-ды. 46 елді мекендердің  тұрғын үйлерін  су басып кетті.  Соның салдарынан   552 үй апатты және 715 үй жөндеуге жарамды  деп танылды.  2823 адам,  28 мың мал құтқарылды.

    Табиғаттың тосын жағдайынан тап болған және үй-жайынан, дүние-мүлкінен айырылып зар жылап, күңіреніп қалған халықты да көз көрді. Жан  жылады. 

     Тап осы бір кезеңде  Президентіміз  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  судан зардап шеккендерге арнайы Үндеумен қайырылып, «тасқыннан зардап шеккен бірде бір адам қамқорлықсыз қалмайды, шығын толық өтелетін болады» деген бір ауыз сөзі халыққа үлкен демеу болғандығын айтар едім.

     Ақиқат үшін айтар болсам, Президентіміздің осы бір «тасқыннан зардап шеккен бірде бір адам қамқорлықсыз қалмайды, шығын толық өтелетін болады» деген  тапсырмасы толық орындалса, ол осы біздің Ақмола облысы деуге болады. 

    Және де Мемлекет басшысының әр тапсырмасын іскерлікпен әрі асқан жауапкершілікпен, адал  орындап жүрген бір әкім болса, ол осы Ақмола облысының әкімі-Марат Мұратұлы Ахметжанов деп айтудан да тосылмас едім!

    Тіпті қарғын судың ортасында қалып, барлық байланыстан   үзілген Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылына облыс әкімі Марат Ахметжанов кәдімгі қайықпен барып, жағдайды өз бақылауында ұстап отырды.

    Осы ауылға азық-түлік, дәрі-дәрмек, зейнетақы мен жәрдемақылар да қайықпен жеткізіліп тұрды. Бұл жағдай ауыл халқын шынайы ризашылыққа бөлеп еді.

      Президенттің тапсырмасына орай Ақмола облысы бойынша барлық зардап шеккен жанұяларға біржолғы әлеуметтік төлемдер мен мүлік шығындары толықтай өтелді.

     Тасқыннан зардап шеккен 715 адамдардың  үйлерін жөндеу үшін материалдық көмек көрсетіліп, 221 отбасылар үшін қауіпсіз аймақтардан үйлер сатып алынды.

   «Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік»,- дейді Мемлекет басшысы өз сұхбатында. Бұл ақиқат!

     Біздің өңірдегі Жабай өзені де жылда тасып, жылда халықты әбігерге салатыны бар. Әйтеуір аяқ-қолы сау дейтін  жан баласы Жабай тасыған кезде құм толтырылған қаптармен судың алдын бөгейтін-ді. Бұл уақытша амал екендігін біле тұра шара қолданылмағаны да болды. 

    Осы орайда былтырғы ерте көктемде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қаржы тауып, «земснаряд» деген жабдық сатып алып, жаңағы Жабай өзенінің ғұмыры тазартылмаған арнасын тазартып, өзеннің түбін сегіз метрге дейін тереңдете қазғызып, төрт жерден өзен бойына шлюздар орнатты. 

   Осындай жұмыс Көкшетау қаласының қақ жарып ағатын Қылшақты өзені бойында да  жүргізілді. 

   Осы бір берекелі істің өзі жергілікті халықтың билікке деген сенімі мен құрметін арттыра түскені де анық.

   Президент өз сұхбатында Қазақстан бойынша биыл бұрын-соңды болмаған астық жиналғандығын айтты. Бұл да болса көптің несібесі, елдің ырыздығы! 

   Биыл Астанада ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің тұңғыш рет бірінші форумы өткізілді. 

  Президентіміз өзі болып,  ауылдың дамуына, ауыл адамдарының қанаттана түсуіне зор ықпал етті. 

  Осы форумда Қасым-Жомарт Тоқаев   “ Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже»,-деп атап та көрсеткені естен кетер емес.

      Расында ақмолалық диқандар өткен жылғы ауа райының аса күрделі жағдайына қарамастан, 6,6 миллион тонна астық жинап, бұрын-соңды болмаған табысты иемденді! 

  Мұндай мөлшердегі астықты Қазақстанның бірде бір өңірі  өндіре алмады! Не де болса, қазақтың ортақ қазанының ырысы ортаймасын! 

                                               * * *

    «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?» деген газет тілшісінің сауалына орай     Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды. 

Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес. 

Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді»,- деген жауабы өз мемлекетінің жайы мен жағдайын тереңінен пайымдап, әріден ойлай білетін шынайы басшының көзқарасы болып саналады дер едім.

    Президентіміздің кеңесшісі-баспасөз хатшысы  Берік Уәлидің өткен жылдың соңғы күндері жариялаған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев «биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекші¬лері¬мен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті»деген деректі алға тартқаны бар еді. 

     Өз басым Қазақстан Президенті алыс-жақын шет мемлекеттерге барып жатса, біздің елімізге әр мемлекеттердің басшылары келіп жатса, соған қуанып, сәттілік тілеп отырамын.

    «Иесі жаман үйге кім келуші еді?» дейтін еді баяғыда ел үлкендері. Сол айтпақшы Қазақстан сияқты біздің елге келіп-кетіп жатқандар көп болса, ол еліміздің жақсылығы, халқымыз бен Президентіміздің жақсылығы!

     Және де осы күндері біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен сөйлесу және келіссөз жүргізу өте пайдалы, әрі әсерлі екендігіне әлем мемлекеттерінің көзі жеткелі қашан! 

 Өйткені Тоқаев адал әр сенімді, көреген және білімді, ойлы, парасатты,  кез келген тілді меңгерген Президент! 

    Адамзат мүддесін бәрінен биік қояды және адамзат мүддесін   күшпен шешуге болмайтыныдығын тек дипломптиялық жолмен ғана шешуге күш те салып келе жатқан бірден бір Президент! Өйтпесе әлем құрдымға кетуі мүмкін. 

        Қазіргідей дүрбелеңі, дау-жанжалы, қарулы қақтығыстары тыйылмай отырған жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі  қызметінде сыртқы саясатқа басымдық беріп отыруы аса маңызды, өте орынды деу керек.

    «Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу» керек деген осы бір ауыз сөзімен-ақ Президентіміз өзінің туған елі мен туған халқының  алдындағы парызын тереңінен ойлап,  пайымдап отыр емес пе?!

    Олай болса Президентіміз сыртқы саясатты нығайтып жатса, біз, қазақстандықтар өз еліміздің ішкі саясатын нығайта біліуіміз де, нығайта беруміз де керек! 

   Ол үшін әрбір қазақстандық -елдегі бірлікті, ынтымақты нығайтуға, еңбек ету, білімді болу, жасампаз ұлт болу,болашаққа сеніммен қарауға міндеттіміз!

                                     * * *

    Президентке тілшінің қойған сұрақтары да, Мемлекет басшысының сол  сұрақтарға қайтарған жауаптары да көпшіліктің көкейлерінде жүрген алаңды мәселелер еді.

 «Біздің Президентіміз  Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруға кетеді екен» деген әңгіме де жүр ел ішінде. 

    Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдеріс¬тердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін»,- дегені көңілімізді орнықтырды. 

     Әрине, сөз жоқ,  Тоқаевтың  Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруға әлемдік беделі де, қабылеті де, білімі де, іскерлігі де, тілі де әбден жетіп артылатыны бар! 

  Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаев елге, қазақ еліне керек!

                                 * * *

   Қазақ елін дүрбелеңге салып, әлем жұртының назарын аударған 2022 жылғы қаңтар оқиғасы жүректерді әлі де сыздатып, әлі де алаңдатары бар. Өйткені-мұнда ел тағдыры, мемлекет тәуелсіздігінің тағдыры жатқаны анық еді!

    Сол қаңтар оқиғасынан алар бір сабақ бар, ол Тәуелсіздікке опасыздық жасауға болмайды, Тәуелсіздік тағдырымен ойнауға болмайды! 

    – Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді,-деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілшіге берген жауабында қаңтар оқиғасының салдары мен себебі орынды анықталған дер едім.

      Өйткені билікке жаңа келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық – мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген сияқты халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болмады емес, болды. 

     Міне, қара халықтың жағдайынан да, қара бастарының жағдайын ойлап кеткендер, енді бір амал жасаулары керек еді.    Олар халықтың бейбіт наразылығын қарулы қақтығысқа ұластырудың, елдегі жағдайды ушықтырудың жоспарын алдын ала жасамады деп кім айта алар?! 

    Сол топ әуелі Алматыны басып алып, содан соң қазіргі Президентті не өз еркімен биліктен бас тартуға, болмаса шет елге кетіп қалуға мәжүбір ету арқылы, билікке өздерінің өкілдерін әкелуді мақсат еткені де анық. Олар сөйтіп өз байлықтарын да, өз бастарын да арашалап алып қалмақшы болды. Бұл менің өз пайымым!

     Осы бір аса қиын жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей батылдықпен шешім қабылдауы өте орынды еді.  Бұл Тоқаевтың   Тәуелсіздікке, өз елі мен халқына деген Адалдығы еді!

                                  * * * 

   Байқап отырсақ, газет тілшісі Президентке бұрынғы президент Назарбаевқа байланысты да сұрақтар қойып, осы соңғы уақытта халықты алаңдатып отырған жайларға да ден қоя білді.

   Қолымызды жүрегімізге қойып адалын айтар болсақ, Қасым –Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі биілікке келген 2019 жылдың 19 наурызынан бері қандай жағдай болса да, Нұрсұлтан Назарбев жайлы бір ауыз жаман пікір айтып көрген емес. Керісінше, Назарбаевтың еңбегі орасан, жоғары бағалауымыз керек, сыйлаумыз керек дегенді ғана айтып жүр.

   Алайда кей жағдайда Назарбаевтың кейбір әрекеттері халықтың ашуын тудырып, әлдебір кектің қоламтасын қайра бір үрлейтіні де бар.

    «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді»,-дегенді өз сұхбатында айта келіп Қасым-Жомарт Тоқаев 

«Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек»,- дегенді алға тартады.

 Міне, бұл-нағыз парасаттылық!

     Жақында Назарбаевтың  Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуінің өзі елді бір дүрліктіріп тастады, тіпті алаңдаушылық туғызды. Осы орайда «кеттің бе, артыңа  қарайлама»  деген сөз еске түседі.

                                                  * * *

   Өмір өзгеріп жатыр! Сол оң өзгерістерді байқамау, сезбеу мүмкін емес! Қоғам ашықтыққа ден қойды. Билік пен халықтың арасында сенімді байланыс орнығып келеді! Осының барлығы да Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың азаматтарды саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауының арқасында болып отыр. 

     «2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі»-, деген  Президентіміздің  Қазақстанның  тұрақты түрде  әлеуметтік-¬экономикалық дамуын  қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту жөніндегі стратегиялық міндеті баға жетпес құндылық, басты мақсат, өзекті мүдде!.

     ПРЕЗИДЕНТ АЙТЫП ОТЫРҒАН    «ЭКОНОМИКАНЫ ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІКТІ НЫҒАЙТУҒА» БІЗДІҢ  ӘРҚАЙСЫМЫЗ  ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ МІНДЕТТІМІЗ! 

     ЕЛ ТАҒДЫРЫ, ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒДЫРЫ ҮШІІН БӘРІМІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ!

 Көкшетау. 3 қаңтар 2025 жыл.