2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қазақстандықтардың шоттарына түсетін жарналардан және инвестициялық кірістерден жинақталған зейнетақы жинақтарының көлемі  22,75 трлн теңгеге жетті. Бір жылда 3,86 трлн теңгеге немесе 20,5%-ға артты.

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 2025 жылдың 1 сәуіріне — 21,76 трлн теңге. 12 айдағы өсімі – 19,3%.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары – 653,83 млрд теңге, 12 айдағы өсім – 9%.

Өткен бір жыл ішінде ең үлкен өсімді (39,5%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, 2025 жылдың 1 сәуіріне олардың көлемі 8,19 млрд теңге.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) 2025 жылдың 1 сәуіріне  329,12 млрд теңге болды.

Түсімдер

Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. Бұл ретте салымшылардың жеке және шартты шоттарына есепті жыл ішінде түскен қаражат мөлшері – 762,22 млрд теңге (өткен жылмен салыстырғандағы өсім 22,2% немесе 138,62 млрд теңге).

Жыл басынан бері МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2025 жылдың 1-сәуіріне 630,91 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 13,3%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 35,31 млрд теңге (өсім — 22,4%), ЕЗЖ — 809 млн теңге (өсім — 14,8%) түсті. 2025 жылдың алғашқы 3 айында ЖМЗЖ есебінен жарналар 95,18 млрд теңгені құрады.

Төлемдер мен аударымдар

2025 жылдың 3 айында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 371,44 млрд теңгені құрады. Бұл былтыр жасалған төлемдер көлемінен 92,5% немесе 178,47 млрд теңгеге көп.

Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің (БЗТ) еншісінде – 219,10 млрд теңге.  

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер жыл бойына 23,10% ұлғайып, 01.04.2025ж. 56,40 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты берілетін орташа айлық төлем – 35 638 теңге. 

Жыл басынан бастап 01.04.2025ж. дейін мұрагерлік бойынша төлемдер – 16,63 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 8,46 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 801,25 млн теңге, жерлеуге төлемдер – 2,63 млрд теңге жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 67,43 млрд теңге сомасы аударылды.

ЖЗШ саны

2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны — 17,44 млн. бірлік (жыл бойғы өсім – 1,66 млн бірлік немесе 10,5%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2025 жылдың 1 сәуіріне 12,54 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,17 млн — МЗЖ бойынша, 729,35 мыңы — МКЗЖ бойынша, 446,65 мыңы — ЕЗЖ есептелетін шоттар.

Ал БЖЗҚ-дағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны —  4,91 млн бірлік. 

Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат, соның ішінде республика өңірлері бойынша мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).