АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне алдағы Президент сайлауына дайындық туралы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бұл — Қазақстан Тәуелсіздік алғалы өткізіліп жатқан жетінші президенттік сайлау. Мұны еліміздегі демократияның дамуындағы тағы бір маңызды кезең деп санауға болады. Бұл сайлау халқымызға Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жыл президенттігі туралы, әділ Қазақстан ұстанымы туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл сайлауда әртүрлі саяси көзқарасы бар алты кандидат додаға түседі, бәсекеге толы сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Президенттікке кандидаттар қатарына саяси партиялардың өкілдері ғана емес, әртүрлі бірлестік өкілдері де кіреді. Бір атап өтерлігі, біздің тарихымызда алғаш рет екі әйел Президенттікке үміткер болып отыр. Бұл – Қазақстанның демократиялық дамуындағы тағы бір қадам. Қазақстан көптеген жылдар бойы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мен әйелдердің бизнес пен саясаттағы рөлін арттыру қадамдарын жасап келеді. Қазір біз осы күш-жігердің жемісін көріп отырмыз. Әрине, дауыс беру Қазақстанның көзқарастарының шынайы көрінісі болса ғана сайлау нәтижесі Президентке нақты және мықты мандат береді. Осылайша, Үкімет сайлауды әділ және ашық етуге ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау науқаны заңға сәйкес ашық, жергілікті және халықаралық байқаушылардың көптеп қатысуымен өткізілетінін бірнеше рет айтты», — деді Мұхтар Тілеуберді.Мұхтар Тілеуберді президенттік сайлауды халықаралық ұйымдар мен Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус бақылайтынын атап өтті.«Біз барлық байқаушылармен өзара жұмыс істесуге және сайлаудың объективті бағалануына үміттенеміз. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі екенін атап өткім келеді, сондықтан біз сайлауды ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сай өткізуге толығымен дайынбыз», — деп атап өтті спикер.Министр алдағы сайлаудың бірнеше аспектілері туралы да айтты.«Біріншіден, маусым айында қабылданған конституциялық түзетулер мен реформалардан кейін Президентке Мемлекет басшысы болған кезде қандай да бір саяси партияның мүшесі болуға тыйым салынған. Бұл Президенттің саяси күреске қатысуын болдырмау мен бәсекелестікке ықпал етуі үшін жасалды. Сол себепті Президент жыл басында AMANAT басқарушы партиясының төрағасы қызметінен кетті. Осылайша, бұл сайлаудың алдыңғы сайлаудан айырмашылығы, қазіргі Президент саяси партияның мүшесі ретінде ұсынылмайдыЕкіншіден, былтыр заңнамаға түзетулер енгізілген соң, бюллетеньдерге «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Бұл баған алдағы сайлауда күшіне енеді. Ең бастысы – Президенттіктің жаңа мерзімі туралы айта кетейін. 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында президенттік мерзімін қайта сайлау құқығынсыз жеті жылмен шектеуді ұсынды. Ол президенттік мандатты бір мерзімге шектеу Мемлекет басшысының ұлттық дамудың стратегиялық міндеттеріне барынша мән беруіне ықпал ететінін айтты. Мұны біздің еліміз үшін нағыз демократиялық серпін деп санауға болады. Бір ғана жеті жылдық мерзім билікті монополиялау қатерлерін жояды және демократияның негізгі қағидаттарын нығайтады», — дейді Сыртқы істер министрі.Оның айтуынша, алдағы сайлау елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардан кейін өтеді. 10 күн бұрын Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен маусым референдумында қабылданған 6 маңызды заңға қол қойды. Осы заңдардың күшіне енуі саяси жүйені демократияландыруға және мемлекеттік билік тармақтары арасындағы Президенттің өкілеттіктерін шектеуге және Парламенттің рөлін күшейтуге қатысты тежеу мен тепе-теңдік жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.«Парламент сайлауы келесі жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Бұл сайлау кезеңі біздің саяси, үкіметтік және экономикалық жүйелерімізді қайта жандандырады және мемлекеттік басқаруды айтарлықтай жаңғыртады. Біз Президент және Парламент сайлауларына халық көптеп қатысады деп үміттенеміз. Біздің азаматтар ұлтымыздың болашағын анықтауда шешуші рөл атқаруы тиіс. Жаһандық геосаяси сын-қатерлерді ескерсек, алдағы сайлау Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық үшін де маңызды. Халықаралық дағдарыстар жаһандық тұрақсыздық пен қауіп-қатердің себебі болып отырғаны баршаға аян. Осылайша, тұрақты және гүлденген Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді, өйткені біздің еліміз кең ауқымды жаһандық ынтымақтастыққа, сауда мен дипломатияға жәрдемдесуге ұмтылады. Бұл сайлау осы мақсаттарға жетуге ықпал етеді. Біз халықаралық әріптестеріміз бен бүгін осында ұсынылған елдер тарапынан ынтымақтастық пен қолдау күтеміз», — деп толықтырды Мұхтар Тілеуберді. Навигация по записям Члены ЦИК РК объехали 12 регионов для проверки готовности к президентским выборам Представителям иностранного дипкорпуса разъяснили особенности предстоящих выборов